Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі басталды

Бұл туралы БОРТ№1 Telegram каналы хабарлады.

Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан көшбасшылары қатысып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастың ерекше сипаты туралы айтты.

Геосаяси турбуленттілік пен әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында біздің кездесуіміз Орталық Азия елдерінің біртұтастығын көрсетеді, жаңа сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы тұруға деген ортақ ұмтылысты айғақтайды. Біздің қарым-қатынасымыздың ерекше сипаты бүгінде қабылданған, мазмұны мен тарихи перспективасы жағынан бірегей саналатын ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту жөніндегі достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартта бекітілген. Бұл тарихи құжат біздің бесжақты стратегиялық серіктестігіміздегі жаңа белесті білдіреді, — деді Тоқаев.

Ол Қазақстан аймақтық ынтымақтастықты жан-жақты нығайту, Орталық Азияның әлемдік аренадағы ролін арттыру бағытындағы стратегиялық бағытқа берік екенін атап өтті.

Қазақстан президентінің айтуынша, бүгінде Орталық Азияның ең маңызды миссиясы жаһандық саясат пен экономиканың бәсекелес полюстері арасында көпірлер орнату саналады.