Бай болудың 7 қағидасы (Герберт Кэссонның кеңестері)

1-ҚАҒИДА. БІЛЕТІН ЗАТЫҢДЫ ҒАНА САТЫП АЛ!

Білетін затыңды ғана сатып ал. Егер сен саудагер болсаң ақшаңды саған тауар сататын ең жақсы компанияға ғана қос. Егер теміржолшы болсаң, ісін ақылмен жүргізіп жатқан жерге қос. Егер құрылысшы болсаң, жер сатып ал. Саяхатшы болсаң, кемеден ертерек орын ал. Сауда мен коммерция иісі мұрныңа бармайтын зиялы болсаң мемлекеттік бағалы қағаздар сатып ал. Қасыңдағы бизнеспен айналыс. Ақшаңды өз қалаңдағы затқа жұмса. Қолмен ұстап, көзбен көріп сатып ал. Алыстағы алқаптың бәрі көгілдір. Өзіңнің мол ақшаңды сол көгергенге жұмсасаң. Әуелі өзің тұратын үйді сатып ал. Содан кейін көрші үйді сатып ал. Үй иесі болып жиған тәжрибең сені сағымға алданудан құтқарады. Егер мүмкін болса, өзің білетін бизнеске ақша жұмса. Өзің білетін іс – сені ешкім оңайлықпен алдай алмайтын іс. Ақшаңды жұмсарда аңғал болма. Ақкөңіл сенгіш болма. Көзсіз болу қауіпті. Қаржы әлемінде одан бетер қауіпті. Өзің білетін бизнес – өз ақшаңмен өзің айналысу деген сөз. Адамда ақша пайда болса, оған көп кісі шынын айтпайтын болады. Адам ақшалы болды дегенше, кім көрінген сол ақшаны құртуға бар күшін салады. Әр адамның ақшасы қауіпті жағдайда. Сондықтан ақшаны табудан, сақтау қиынырақ. Сондықтан, бірінші ереже Байқампаз бол. Білетін затыңды ғана сатып ал.

2-ҚАҒИДА.   ҚАЙТА САТУҒА БОЛАТЫНДЫ ҒАНА САТЫП АЛ!

Сатуға болмасқа әуреленбе – екінші қағида осындай. Мұның маңызын белгілі бизнесменнің бәрі айтады. Мұны ұмытқан талай бизнесмен ыңғайсыз жағдайға тап болған. Осы себептен мыңдаған адам жиған ақшасын жоғалтқан. Бай болғаныңша, ақшаң құрыса ашынбайтын болғаныңша нәрсені өзіңе ұнағаны үшін алудан тыйыл. Әр сатып алушы, әуелгіде, осылай қателеседі. Зат сатып аларда былай де: «Бағасын көтерсем жұрт мұны алар ма екен?» Қажет деп тапсаң батыл сатып ала бер. Ереже өмірде қалай жүзеге асып жатқанын көргің келсе базарға бар да бағалардың өзгерісіне қара. Үстел сатылуда дейік. Әкімге керек. Он екі адам саудаласуда. Үстел 9,1 фунтқа сатылды. Шын бағасы – 8 фунт еді. Ерекше формалы темір жақтауы бар үлкен айна сатылуда дейік. Ол ешкімге керексіз. Көпшілік күлді. Сатушы алғысы келмеген біреуге зорлап әзер өткізді. Бір кезде ол 40 фунт тұратын еді-ау. Сонымен меншік құндылығы – оның өтімділігіне байланысты. Ақшаң тасып бара жатса, тез, шығынсыз қайта сатуға болатын нәрсені сатып ал.

3-ҚАҒИДА.  ӨЗ ПАЙДАҢНАН АЙЫРЫЛМА!

«Әттең мынаны кезінде  сатпағаным-ай» деген өкінішті жиі естіп жүрміз. Өзің де айтқан боларсың. Ақылды адамдар сатуға болатын кезде бәрін сатады. Көпшілік ақымақтар не болса соны сатып алады. Көпшілік баға жоғары кезде де сатып ала береді. Олар бәрі сатып алып жатыр ғой дейді. Ештеңе сатпай, алмай қатып қалатын адамдар да бар. Егер олар ақылды болса соңғы инесіне дейін сатып жіберіп, ретті тұсында соның жарты ақшасына мол зат алар еді. Мысалы, 20000 фунт тұратын мүлкі бар біреу осы ақшаға сата алар еді. Ретті тұсында 10000-ға сол затты қайта алып, 10000 пайда табар еді. Менің айтпағым да осы. Бизнесте басты нәрсе, процесс емес, пайда. Менің бір досым: «Мен үнемі ақша жасаймын, бірақ жетпейді»деп жазды. Бар мәселе осында. Жететін ақша табу үшін қысқа жолмен жүріп, пайда табудың бірде-бір мүмкіндігін жібермеу керек. Мен 20 фунтқа сиыр сатып алып, жолда танысым 30-ға бер десе, ал деймін. Үйге көңілді, күн сәтті болды деп қайтамын. Тауарын қымбат бағаласа болғаны көп адам күдіктенеді. «Біреу бағалап жатса, өзіме керек болар» деп ойлайды. Бұл – қате позиция. Уақытты, дер кезінде пайда жасауды ойла. Айына 100 фунт жасаған, жылына 200 фунт жасағаннан жақсы. Осы ақиқатты игергеннен қаржыгер боласың. Баға ауытқып тұрақсызданып тұрғанда икемділігінің арқасында ойланып, жоспарлап, мүмкіндік іздестіріп пайда табуды – ақша жасауды үйрен.

4-ҚАҒИДА.   ЗОРЛЫҚПЕН САТЫП АЛУШЫ БОЛМА!

Біреу сенен қарыз сұраса жауабыңды үнемі ертеңге қалдыр – бұл ереже сені көп ақша жоғалтудан сақтайды. Әлемде кім болсын неге болсын сендіруге шебер адамдар көп, барын сақтау әр адамға оңай түспейді. Қаржы әлемінде қорғанудан шабуыл мықты. Ғажап жобалар жасап есіңді екеу, түсіңді төртеу қып «миллион, миллион!» деп айқай салады. Адамдар алданады. Ай өтпей алаяқтар – ақша, адамдар – жобалар ғана алады. Адамды аңғалдықтан сақтайтын заң жоқ. Қаржы әлеміндегі арсыздықта шек жоқ. Қалың орманда улы бүйі шаққан ағаштардың әлсіреп өлгеніндей, Адамның бүйісі шаққан қуатты бизнесменнің өзі құриды. Қаржы әлеміне ендің бе, Өзіңді-Өзің Қорғау өнерін үйрен. Сен зорлық, қысым сезгеннен-ақ, өзіңе-өзің салқынқанды түрде: «Ал мен не алам? Қалай аламын? деп сұрауың қажет. Өзің қызыққан нәрсе – ұялатын зат емес. Өз пайдаң, міне, негізгі қазына , байлық осы. Адамға меншік біткеннен әсершілікті қоюы керек. Ол басын таза ұстағаны жөн. Ол барлық уақытта үйіне келіп, әйелімен ақылдасқаны дұрыс. Ақша мәселесінде еркекке қарағанда әйелдер әйтеуір күдікшілдеу келеді. Сене бермейді. Аспандағы тырнадан қолдағы торғайды артық санайды. Әйелдер ақша табуға да икемді һәм ақша сақтауы да сенімді. Еркек – тағдыр ойынның қызбалау қатысушысы, ал әйел – жүлде алушысы. Сол себепті, ақша жұмсарда әрбір еркек әйелі немесе анасының ақылын алғаны дұрыс. Өз ісіңе өзің ақша жұмсап өз ойыныңды ойнағанда жылдам бол, ақшаңнан айырылу туралы сөз болғанда жылдам бол. Ешқашан зорлықпен зат сатып алма, қарыз берме және ақшаңды жұмсама.

5-ҚАҒИДАСЫ. БАҒА ТҮСКЕНДЕ САТЫП АЛ, БАҒА ӨСКЕНДЕ САТА БІЛ!

Көп адам туғаннан өлгенге дейін өзінше ештеңе істемей, көпшілікпен өтіп кетеді. Көппен тынышырақ деп ойлайды олар. Қаржыда көпшілік үнемі ұтылады. Мұны көп адам білмейді, аздар жасырады. Қаржы – саясат антонимі. Баға дауыс берумен белгіленбейді. Көпшіліктің пікірі қаржыға қажетсіз. Бірақ, қоғамдық пікір бағаны бұзады. Саясатта көпке қосыл – ұтасың, қаржыда – азға қосыл, ұтасың. Сауда өнерін ұғасың. Алушыдан сатушы көп кезде сатпа, кем табасың. Сатушыдан алушы көпте – сатып алма, артық төлейсің. Бір миллионер маған: «Сабан қалпақты қыста сатып ал» деп еді. Баға барлық уақытта тұрақсыз. Көп адам қазіргі жағдай өзгермейді деп бүгін ғана ойлайды. Қымбатқа алып, арзанға сатып әуреленіп жүреді. Уайымшылдан сатып ал. Ақжарқынға сат.

6-ҚАҒИДАСЫ. ІСКЕ ҚОСА АЛАТЫНЫҢША ҒАНА ҚАРЫЗ АЛ!

Көп бизнесмен қарыздан қорқады. Өзінде барды ғана жұмсап сақтанады. Олар сауданың кең мұхитына «Өз ақшам» деген кішкентай кемемен шығады да, жағадан ұзай алмай жүреді. Жағадан су астындағы тасқа тез ұрынады. Сонымен бітеді. Қаржыгер болып үйренбейді, туылады дейтініміз содан. Әкеңнің байлығын сақтағанмен сен бай болмайсың. Қаржы әлемі қауіпке толы. Аңшыға арыстан аулама, альпенистке шыңға шықпа деуге бола ма. Ең дұрысы – ақылды тәуекел. Бірақ, адым батыл болсын. Қарыз алуын алып, түнімен ұйықтамайтын адам қаржыгер болып әуреленбесін. Одан да тұрақты айлық ал да, жұмысыңды істеп жүре бер. Ал қарыз алып, іске қосып, өзін сынап көрген адам, іске қоса алатыныңша тағы қарыз алудан қорықпа. Ақшаны қолдана алатыныңа көзің жеткен соң, өміріңе жететін ақша жасауды ойла. Егер көп ақша тапқың келсе, жетінші қағиданы тыңда. Іске қоса алатыныңша ғана қарыз ал.

7-ҚАҒИДА.  ДАМУ ҮШІН ҚАРЫЗ АЛ, ДАҚПЫРТ ҮШІН ЕМЕС!

Даму мен дақпыртты ажырата алмаған талай коммерциялық фирмалар күйреп кетті. Даму деген – бизнес көлемін өсіру үшін болашаққа қарау. Дақпырт – жұртты әсерлендіру ғана. Егер баспахана иесі жыл сайын жаңа заказ үшін баспасөзге 4000 фунт жоғалтатынын білсе, қарыз алып, баспасөз шығаруды түгел сатып алсын. Зергер әшекейді көп сата алатынын білісімен, қарыз алып көп бриллиант сатып алсын. Қарызға алынған ақша тиімді қолданылсын. Бұл болмаса, ақша түрлі залал әкеледі. Бизнес жасауға бізді Пайда және Мақтаныш апарады. Егер пайда үшін қарыз алсаң бәрі дұрыс. Мақтаныш үшін  болса – бизнестің шаруасының біткені. Ақшаны қалай қолдансаң – солай азап, рахат аласың. Сондықтан, даму үшін қарыз ал, дақпырт үшін емес.

ДереккөзReactor.inform.kz