Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, қазіргі уақытта жекелеген адамдар әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы заңсыз талаптар қойып, қабылданған шешімдермен келіспей, тергеуге қысым көрсетіп мақсатында оған араласып жатыр.
Қылмыстық-процестік заңнаманың талаптарына сәйкес, тергеу әрекеттеріне адамдардың нақты тізбесі рұқсат етіледі. Бұл — адвокаттар, қорғаушы тараптың заңды өкілдері, жәбірленушілер. Олар прокуратураға да, тергеу сотына да, тергеу органының іс-әрекетіне де өтінішхат, шағым беруге құқы бар. Бұл тұрғыда қылмыстық процестік кодекс пен процестік шешімдерге, сонымен бірге тергеу органдарының әрекеттеріне, оның ішінде мамандандырылған тергеу соттары арқылы шағым жасаудың нақты тәртібі айқындылған, — деді ол.
Бас прокуратура өкілі осыған байланысты қылмыстық процеске қатысушылар мен қорғаушылардың назарына заңның көрсетілген нормаларын қатаң сақтауды ескертті.
Бас прокуратура мен қылмыстық істерді тергеу кезінде құқық қорғау және арнайы органдардың қызметіне араласқаны үшін жауаптылық туралы ерекше айтып өткім келеді. Өзге адамдардың сотқа дейінгі тергеу барысына араласуы әкімшілік және қылмыстық жауаптылықты көздейді, — деді Елдос Қилымжанов.
Айта кетейік, Қазақстанда қаңтар оқиғасы бойынша 545 адам сотталған, оның 83-і бас бостандығынан айырылған.
Қазіргі уақытта арнайы прокурорлардың қарауында жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 53, терроризм актілері бойынша 32 қылмыстық іс бар.