Қаңтар оқиғасы еліміздегі ахуалды мүлде өзгертті. Болашақ тағдырымызды айқындайтын жаңа құндылықтардың қажеттігі туындады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы үрдістер мен ықтимал қатерлерді ескере отырып, биылғы жолдауында азаматтық орта мен саяси жүйені өзгертуге бағытталған бірқатар маңызды шараның жаңа пакетін ұсынды. Мемлекет басшысының жолдауда айтылған бастамалары бүкіл саланы демократияландыруды талап етті. Қойылған мақсаттар конституциянализмді одан әрі нығайтуға бағытталды, — деді конституциялық кеңес төрағасы.
Оның айтуынша, осы аталған фактордың міндеттерге жетуі үшін конституциялық реформа керек болған.
Заман мен қоғам өзгеріп жатқан уақытта негізгі заңымыз да жаңартуды керек етті. Яғни, қолданыстағы конституцияны өзгерту қажеттілігі туындады, — деді Қайрат Мәми.
Сонымен қатар Қайрат Мәми 1995 жылғы конституцияның тарихи рөлі туралы айтты.
Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, айдың басында өткен республикалық референдумның нәтижесінде мақұлданған конституциялық түзетулер қоғам мен мелекетті одан әрі жаңғыртудың құқықтық негіздерін қалады. Алдымызда тұрған басым міндет –жаңартылған Конституцияның мәнін терең ұғыну, бүкіл заңнаманы оған сәйкестендіру, — деді конституциялық кеңес төрағасы.
Ол Ата заңның бұған дейін қолданыста болып келген нұсқасы да елдің іргесін бекітуде маңызды рөл атқарғанын еске салды.
1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституция мемлекет тәуелсіздігін ұстап тұру үшін үлкен рөл атқарды. Ата заңды мүлтіксіз орындау, оның принциптерін бұлжытпай сақтау – елдің үдемелі дамуының алғышарты. Конституция — азаматтығымыздың айшықтығының айғағы. Ал біздің қызметіміз – аталған киелі құжаттың мызғымастығын қатамасыз етуге бағытталған, — деді Қайрат Мәми.