— Гүлназ, пандемия кезінде Connect-Ed жобасын бастап, онлайн оқуға мүмкіндігі жоқ балаларға құрылғылар тауып беруге ат салысып едіңіздер. Жоба екі жыл ішінде қандай жұмыс атқарып үлгерді?

— Жобамызды әуеліде көпшілік біле қоймады. Ал қазір жарнама жасамасақ та, өзіндегі артық немесе пайдаланбайтын, бірақ іске жарап тұрған техникасын бізге өткізіп, балаларға көмектескісі келетіндердің саны әлдеқайда көбейді. Сонымен бірге біз еліміздегі бірнеше компаниямен серіктес атандық. Олар да қолданбайтын бұрынғы техникасын береді, кейбірі жаңасын алып беруге тырысады.

Осы күнге дейін Connect-Ed жобасы бойынша Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі балаларға 224 техника берілді. Оның ішінде смартфон, планшет, ноутбук, компьютер де бар. Дегенмен әлі де қолдау жасайтындардың көп болғанын қалаймыз. Connect-Ed  сайтына  кіріп,  өтініш  толтырып, қолданбайтын техникаңызды мұқтаждарға беруіңізге болады. Әбден ескірмеген, жұмыс істеуге жарайтын құрылғыларды қабылдаймыз. Волонтерлар ақауы бар құралдарды шамасы келгенше жөндеуге тырысады. 

Гүлназ Қорданова
Гүлназ Қорданова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Серіктесіміз Helpcenter.life компаниясының командасы көмек сұраған отбасы мен баланың шынымен мұқтаж немесе мұқтаж емес екенін тексереді.

Біз үшін цифрлық теңсіздікпен күресу адамдардың қолында техниканың бар болуын ғана білдірмейді, олар сонымен бірге цифрлық тұрғыдан сауатты болуы керек, тұрмыста, күнделікті өмірінде интернеттің мүмкіндіктерін, түрлі қызмет түрін еш қиындықсыз алуы керек. Өйткені жобамен айналысып келе жатқан уақытта балаларға тек техниканы таратып берудің мәселені шешпейтінін білдік, себебі еліміздегі ата-ана мен баланың көбі, соның ішінде ауыл-аймақта тұратындары компьютер мен планшетті қолдануды меңгермеген болып шықты. Олардың арасында ноутбук арқылы Whatsapp Web-ке қосылуды білмейтіндері де болды. Бұл мәселені шешу үшін ата-аналар мен балаларға арналған онлайн-курс өткіздік. Бізге ата-ананың техниканы меңгергені маңызды еді, өйткені ата-ананың білімі балаға да әсер етеді.

Гүлназ Қорданова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Балаларға арнап тегін онлайн-лагерь ұйымдастырғандарыңызды білеміз. Бұл қандай жоба?

— Лагерьдің басты мақсаты — балалардың цифрлық жағынан сауатын арттыру. Мұнда балалар техниканы қолдануды, интернет мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды үйренді. Онлайн-лагерь 10 күнге созылды. Оның бес күнінде цифрлық сауат туралы, ал қалған бес күнінде бағдарламалау жөнінде дәрістер болды. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі балалар кәсіби мамандар мен мұғалімдерден сабақ алды.

Онлайн курс өткізу, лагерьді ұйымдастыру қиын екен. Оның үстіне, балалардың оған қатысуы үшін компьютері мен интернеті болуы керек. Сол себепті біз былтырғы алғашқы лагерімізге бірнеше шектеу енгіздік. Компьютері мен интернеті бар 8-10 кластың 20-25 оқушысын қабылдауға мүмкіндігіміз болды. Алдағы уақытта лагерьді жазда немесе балалардың тоқсан арасындағы каникулы кезінде онлайн немесе офлайн ұйымдастырамыз деп шештік.

Гүлназ Қорданова
Гүлназ Қорданова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Connect-Ed-тің егде жастағы азаматтарға арналған курсы бар, олар кейінгі технологияларды қалай үйреніп жатыр?

— Connect-Ed жобасының негізгі фокусы — балалармен жұмыс істеу. Дегенмен былтырдан бастап зейнеткерлерге де көмектесуді жөн көрдік, сөйтіп «Мен енді онлайнмын» жобасын қолға алдық. Өйткені қазіргі заманда кез келген адамның әйтеуір бір құрылғымен жұмыс істеуі керек болады. Зейнеткерлердің де кем дегенде қолында бір смартфоны бар, бірақ көбі пайдаланатын кезде қиналады, керек тетікті басып-баспағанына сенімді болмайды. Көбі балаларынан немесе немерелеріне жүгінеді. Кейбірі әркез көмек сұрай бергеннен «Балаларыма масыл болдым» деп қысылуы мүмкін. Бұған қоса, интернетте алаяқ көп. Осы себепті де егде жастағы азаматтарымыздың да цифрлық жағынан сауатты болғаны дұрыс деп ойладық.

Курс жайлы Connect-Ed-тің Instagram-дағы парақшасында, Антон Чехов атындағы кітапханада, зейнеткерлердің түрлі қауымдастығына хабарладық. Бірақ, байқауымызша, балалар мен немерелер хабарландыруды әлеуметтік желіден өздері байқап, әке-шешесіне, ата-әжесіне айтқан.

Биылғы ақпанда 60-80 жас аралығындағы азаматтарға алғашқы курсымызды өттік. Барлығы 15 адам қатысты. Оларды қазақ және орыс деп екі топқа бөлдік. Курста кәсіби мамандар оларға телефонды қолданудың негіздерін: Kaspi мобайл қолданбасы арқылы ақша аударуды, төлем жасауды, Egov-тан құжаттар алуды, Damumed арқылы ауруханаға кезекке тұруды, анализ, диагноз нәтижелерін көруді үйретті. Олар смартфонның және басқа да құрылғылардың мүмкіндіктерін біліп қана қоймайды, сонымен бірге жаңа адамдармен танысады, көңілдері сергіп қалды. Курс аяқталған соң олар өзін енді сенімді сезіне бастағанын, смартфонның тілін тез меңгеруге болатынын және қорқынышты жеңуді үйренгенін айтты.

Осыдан кейін Нұр-Сұлтаннан волонтерлар хабарласып, дәл осындай жобаны жасағысы келетінін айтты. Біз  серіктес атандық, олар енді алдағы уақытта астанадағы зейнеткерлерді де осындай курстан өткізуді жоспарлап отыр. Өзіміз де жылына екі рет ұйымдастырмақшымыз.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Connect-Ed (@connected_kz)

Коронавирус пандемиясы еліміздегі цирфлық теңсіздік мәселесін анық көрсетті. Карантин бітсе де, адамдарға әлі де техника құралдары қажет. Себебі балалар білім алады, азаматтар жұмыс істейді, зейнеткерлер онлайн қызмет алады. Оған қоса, олардың цифрлық сауатына да аса мән беруіміз қажет. Цифрлық тұрғыдан сауатты болу өмірді жеңілдетіп қана қоймайды, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартатына да сенімдімін. Ол үшін жобаларымызды қолдайтындар көп болса, өңірлеріміздегі, ауыл-шалғайлардағы интернет сапасы жақсарса дейміз.

Гүлназ Қорданова
Гүлназ Қорданова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы