Мал ұрлығымен айналысып келген қылмыстық топ құрықталды

ҚР ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаменті павлодар облыстық полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырған арнайы операция барысында Семейде ұрланған 40 бас жылқыны айдап өту кезінде 5 адамнан тұратын өңіраралық қылмыстық топ ұсталды. Бұл топтың сонымен қатар Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында мал ұрлығының 6 қылмысын жасағаны дәлелденді. Олар барлығы 167 бас мал ұрлаған. Тінту кезінде күдіктілерден ұрланған тағы 67 жылқы, автокөлік және екі мотоцикл табылды, — делінген хабарламада.

Анықталғандай, қылмыстық топ мүшелерінің өз қызметі және рөлі болған. Ұрланған мал алдын ала дайындалған жерге айдалып, сойылған мал еті таныс сатушыларға жөнелтіліп отырған.

Қылмыстық топқа қатысты қылмыстық кодекстің 262-бабы (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) бойынша қосымша қылмыстық істер қозғалды. Бұл бап ұйымдасқан қылмыстық топты құру, оған басшылық ету және оған қатысқаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді қарасырады.

Айта кетейік, өңірлерде мал ұрлықтарының жолын кесу бойынша мамандандырылған жедел-іздестіру топтары құрылды. Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» жеке бабы енгізілді, ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді көздейді.