Жер заңнамасын бұзғандарға 219 миллион теңге айыппұл салынды

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылы республика бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органдар жер заңнамасының сақталуы тұрғысынан 2 406 тексеру жүргізді. Жүргізілген тексерулер барысында 1 111 заң бұзушылық анықталды, 1 072 жағдайда жер заңнамасын бұзушыларға жалпы сомасы 219 миллион теңгеге айыппұл салынды, — деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 2021 жылы анықталған бұзушылықтардың 65,7% жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзуға, 1,9% арнайы белгілерді жоюға, 8,6% жерді бүлдіруге, 5,3% жер учаскелерін беру туралы өтініштерді қараудың белгіленген мерзімдерін бұзуға, 18,5% ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдалануға немесе пайдаланбауға, жерлерді нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбауға қатысты болды.