Ұлттық музей басшылығы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді

Нұр-Cұлтан бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Республикасының ұлттық музейі» РМҚК лауазымды тұлғаларына қатысты «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, — делінген жазбада.

Шарттың жалпы сомасы — 1,2 миллиард теңге. Тергеу сотының санкциясымен қазіргі уақытта тінту, сонымен бірге куәлардан жауап алу және басқа да тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Іс бойынша түпкілікті шешім қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарын орындау нәтижелері бойынша қабылданады. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді, — делінген хабарландыруда.

Еске салайық, мұның алдында ұлттық музейдің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай есеп комитеті 2016 жылдан бастап музейдің атқарған жұмыстарына жоспарлы тексеру жасағанын, бірақ Арыстанбек Мұхамедиұлының жеке басын тексермегенін айтты.

Музейдің баспасөз хатшысы сонымен бірге Арыстанбек Мұхамедиұлының суицид жасағанын да растамады. Оның сөзінше, экс-министр астанадағы N2 ауруханада аяғы ауырғаны және кейінгі жаңалықтардан кейін денсаулығының нашарлауы себепті жатыр.