Ұлттық музейдегі тінту: Мұхамедиұлы президентке үндеу жасады

Қазақстан ұлттық музейінің директоры, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзіне қатысты негізсіз тексерулер басталғанын айтып, президенттен көмек сұрады.

Мен бар саналы ғұмырымды мемлекет пен халықты біріктіріп отыратын ұлттық идея ісіне бағыттап келемін. Қазақ киносының тынысын ашып, әлемдік өркениетке батыл бет алуына да үлес қосуға атсалысып келемін. Қай салада жұмыс істесем де, әуелі ұлт мүддесі үшін тер төктім. Мемлекет бюджетіне қол салғандарға аяусыз тосқауыл жасап келемін. Әрине, мұндай әрекеттерім кейбір адамдарға ұнасын ба? Кейбір адамдар әлі күнге дейін тірліктеріме тұзақ құрып келеді, — деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын «Феникс» көркем фильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражаттың жымқырылғаны белгілі болған. Нақтылап айтқанда, «Феникс» киножобасы бойынша бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен кинорежиссер Талғад Жаныбеков қамауға алынды.

Оған қазақстандық белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың да тікелей қатысы болатын. «Феникс» фильмінің шарты голливуд компаниясы Aldamisa Entertainment-пен жасалынды деген сөз жалған болып шықты. Шын мәнінде, «Қазақфильм» АҚ T.K.TURAN UNIVERSAL BUSSINES ЖШС-пен және ресейлік «Альдамиса РУС» ЖШС жасанды компаниясымен келісім жасалып, бюджеттен бөлінген 3 миллион доллар қолды болып кете жаздаған, — делінген ұлттық музей директорының жазбасында.

Экс-министрдің айтуынша, Тұңғышбай Жаманқұлов өз қорғаушысының көзінше «Феникс» фильмінің өндірісіне бөлінген бюджет қаражатын жымқырғанын толықтай мойындаған. Жаманқұлов қаражаттың қолма-қол ақшаға айналдырылғанын да растап, бюджет қаражатының жеке мақсаттарға жұмсалғанын айтқан көрінеді.

Алайда аталған өнер өкілдері түрлі айла-шарғылармен мені қаралауға көшкен болатын. Продюссер Тұңғышбай Жаманқұлов айыбын бетіне басқаным үшін мені ата жауындай көріп, күні бүгінге дейін жөн-жосықсыз арызданып келеді. Әрине, «қаһармандар» азуын көрсетуден қайтар емес. Кез келген ілкімді сәтті пайдаланып, өзіңіздің атыңызға, басқа да құрылымдарға еш негізі жоқ шатпақ шағымдарын шаршамай жазып келеді. Оның ту сыртында кезінде Дариға Назарбаеваның, Бағлан Майлыбаевтың, Ермек Аманшаевтың тұрғаны және де солардың айдағы екені де белгілі. Әлбетте қисапсыз тексеру, тергеу амалдары да жүрді. Бірақ менің ар-ұжданым таза! Жеке басымды қаралаған бірде-бір факт дәлелденбеді. Кейінгі кезде арыз иелері музейде кеткен бұрынғы кінәраттарды да маған жапсыра салғысы келеді. Осыған орай, негізсіз тексерулерге тосқауыл болуыңызды сұраймын!, — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Айта кетейік, бүгін, Kozachkow offside Telegram-каналы Қазақстан ұлттық музейінде, мекеменің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының үйінде тексеріс басталғанын жазды. Кейін экс-министрдің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тараған еді.

Музейдің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай мұны растамады. Оның сөзінше, Арыстанбек Мұхамедиұлы денсаулығына байланысты астанадағы N2 қалалық ауруханада жатыр.

Суицид жасады деген ақпарат жалған, өтірік, қалай суицид жасайды? Біріншіден, өзінің аяғы ауырады. Мына жаңалықтардан соң денсаулығы нашарлап кетті. Ауруханаға президентке жасаған видеоүндеуінен кейін барды. Негізі ол кісі 1-10 мамыр аралығында денсаулығына байланысты жұмыста болмады. Демалды, — деді ол Baribar.kz тілшісіне.

Айдар Қырықбай сонымен бірге есеп комитеті 2016 жылдан бастап музейдің атқарған жұмыстарына жоспарлы тексеру жасағанын, бірақ Арыстанбек Мұхамедиұлының жеке басын тексермегенін айтты.

Құзырлы органның біреуі тексерістің қорытындысы бойынша «күдікті» немесе «жауапты» деп ресми құжат бермеді. Құдай сақтасын, бермейді де. Тұңғышбай Жаманқұлов деген ағамыз президенттің атына «ішіп қойды», «жеп қойды» деп жазған. Арыстанбек Мұхамедиұлының видеоүндеуде «Музейде кеткен бұрынғы кінәраттарды да маған жапсыра салғысы келеді» деп айтқаны осы еді, — деді ұлттық музейдің баспасөз хатшысы.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз