Маңғыстауда жағалаудан тағы 64 итбалықтың өлексесі табылды

Ақпаратқа сәйкес, Форт-Шевченко теңіз порты аймағында Урдюк мүйісінен Баутинская мүйісіне дейінгі жағалаудан өлі итбалықтар табылды.

Осы дерек бойынша экологтар және жергілікті атқарушы органның бірлескен жұмыс тобы құрылып, аумақты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Толық тексеру барысында 64 өлген итбалық пен 5 бекіре тұқымдас балық табылды.

Бұл бір күн бұрынғы оңтүстік-батыстан соққан екпінді желдің салдарынан болып отыр. Зертханалық зерттеу үшін өлген жануарлардан сынамалар алынып, тоңазытқышқа қойылды. Сонымен қатар су мен ауа сынамалары алынды,- делінген хабарламада.

Еске салайық, 27 сәуірде Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігіндегі жағалауында 94 итбалық өлі табылғанын хабарлаған болатынбыз.