Ерсұлтан Саттарқұлов Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында туған. Әкесі әскери қызметте болғандықтан мектебін жиі ауыстырып, математика пәнін ойдағыдай меңгере алмапты, бірақ ІТ саласына қызығушылығы мектеп кезінен басталған. Оған себеп – компьютер ойындары.
Компьютер ойнағанды жақсы көрдім. Ойындағы стратегия, логика қызықтырды. Бірақ кейде компьютерге жаңа ойын жүктегенде «көтермей» немесе ойынның қызған шағында компьютер «қатып» қалатын. Сондай кезде «Шіркін, еш кедергісіз жұмыс істейтін суперкомпьютер жасай алсам ғой» деп армандайтынмын, — дейді Ерсұлтан.
Ерсұлтан 11-класты бітіріп, қолына аттестат алған соң әуелі университетті таңдап, содан кейін ғана таңдау пәні бойынша мамандық іздейді.
Алдымда үш таңдау тұрды: механика-математика, физика-техникалық және ақпараттық технологиялар факультеті. Математикадан нашар болдым, физиканы ұнатпадым, компьютерге жақын болдым. Сосын ІТ факультетіне түсу туралы шешім қабылдадым, — дейді ол.
Ерсұлтанның айтуына қарағанда, ақпараттық технологиялар факультетінде оқу оңай болмаған. Бірінші курста жоғары математика мен математикалық анализ сияқты базалық пәндер оқытылған. Алғашқы семестрде-ақ топтағы студенттердің көбінде сенімсіздік пен комплекс пайда болып, ІТ-маман болу туралы ойынан айнығандар болыпты.
«ІТ саласы менікі емес сияқты», «Қайдан ғана осы мамандықты таңдадым» деген ой менде де болды. Келесі семестрде бағдарламалау негіздері басталады, соны да меңгеріп кете алмасам, оқуды тастаймын деп шештім, — дейді Ерсұлтан.
Ерсұлтан бағдарламалау негіздерін үйрене бастағанда ІТ-дің математикаға емес, логикаға негізделетінін түсінеді. Салаға басқа қырынан қарай бастаған соң математикалық есептеулерді де логикаға сүйеніп шығара бастайды. Осылайша, екінші семестрде қатарластарымен есепті жарысып шығарады да, үздік бес студенттің бірі болады. Кейін факультеттегі достары мен кураторы олимпиадалық бағдарламалауға қатысуға шақырады.
Өзімнен «Математикадан қиналып, оқуын тастап кете жаздаған студент қалайша олимпиадалық бағдарламалау резервіне кіре алады» деп сұрадым, бірақ кураторым мен достарым қолқалады. Бағымды сынап көріп ем, өтіп кеттім, — дейді Ерсұлтан.
Олимпиадалық бағдарламалауда Ерсұлтан топтағы ғана емес, университеттегі мықты студенттермен сайысқа түскен. Бағдарламалау кезінде математика мен есептің дұрыс шешіміне жету ғана емес, сыни ойлау, логика, жағдайды елестету маңызды екенін түсініпті. Ерсұлтанның сөзінше, кез келген әрекетті компьютер қалай көреді, қабылдайды, өңдейді — осыны түсіну маңызды. Білікті ІТ-маман болу үшін компьютердің тілін, логикасын түсінуің, оны сезінуің керек.
Жұмысқа қалай шақырту алды?
Ерсұлтан Саттарқұлов 3-курста деректер құрылымы мен алгоритм саласымен айналысып жүргенде түрлі тағылымдама мен бос жұмыс орны бар екенін байқайды. Алайда әлі де білімі мен дағдысы жетпейді деп бағын сынаудан бас тартады. Арада біраз уақыт өткен соң тағы да достарының айтуымен түйіндемесін бірнеше отандық және шетелдегі компанияларға жібереді. Олардың қатарында Яндекс пен Huawei де бар.
Ірі компанияларға түйіндеме жібергенде іріктеуден өту, жұмысқа орналасу мүмкін еместей көрінді. Ауылдан Алматыға келіп оқығанды жетістік көріп жүрген шағымда шетел компаниясынан шақырту алу дейтін түсіме де кірмейтін. Алайда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде, Қазақстан-Британ техникалық университетінде ірі компаниядан шақырту алған таныстарым болды. Тәуекел деп тапсырдым да, оқуымды жалғастыра бердім, — дейді Ерсұлтан.
2021 жылы Ерсұлтан Мәскеудегі Huawei компаниясынан алғашқы әңгімелесуге шақыртуды алады. Қазақстанда алған базалық біліммен, үйренген бағдарламалау алгоритмімен шетелде жұмыс істеуге болатынына әңгімелесуден кейін көз жеткізген екен. HR-маман оның техникалық әңгімелесуден сәтті өткенін, енді компания басшысымен кездесу сәтті өтсе, жұмысқа қабылданатынын ескертеді. Ерсұлтанға екінші әңгімелесуден кейін бірден жұмысқа қабылдану тәртібін түсіндіріп беріпті.
Компания бірден нұсқаулық жіберді. Мына жерге келесің, мына адамға жолығасың, міндетің мен қызметің осындай болады деп бәрін түсіндіріп берді. Әдеттегідей сенімсіздік болды. «Әлі университет бітірмедім», «Сонша жерден барғанда жұмыс істей алмай қалсам, қайтарып жібере ме» деп ойладым. Ата-анама да айта алмадым. 20 жаста шетел компаниясына жұмысқа қабылдандым десем, сенбейтіндей көрінді, — дейді ол.
Ойлана келе, Ерсұлтан 2021 жылғы тамыз айынан бастап Huawei компаниясына кіші инженер, Java Backend sprint деген стекте сайттың логикасын жазатын бағдарламалаушы ретінде жұмысқа қабылданады.
Huawei тек телефон, ноутбук өндіретін компания емес. Мысалы, өзім Huawei желісінің оптика және байланыс зертханасындағы жобада жұмыс істедім. Қызмет барысында ІТ үнемі оқуды, ізденуді, дамуды қажет ететінін түсіндім. Себебі компанияда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жатқандардың өзі көп нәрсені білмейді. Ал біз «Университет біліп алсақ та, ештеңе үйренбедік» деп жатамыз. Жоғары оқу орнында бағдарламалау деген не, бұл қалай жұмыс істейді дейтін қарапайым алгоритмді үйреніп шыққанымыз да жеткілікті екен. Қалғанын қызмет барысында әр ІТ маманы өзі үйреніп алады, — дейді жас маман.
Ерсұлтанның айтуынша, университетте ІТ-дің барлық саласынан аз-маз ақпарат беріп, таныстыруға тырысады екен. Студент өзіне ұнаған, қабілеті мен жанына жақын саланы таңдап, оны әрі қарай өз бетінше терең меңгерсе, жақсы ІТ-маман бола алады.
Қазақстанға неге оралды?
Ерсұлтан Мәскеуде 7 ай жұмыс істеген соң елге оралуды ұйғарады. Оған үш нәрсе: Ресейдегі кейінгі саяси оқиғалар, Мәскеудің өмір сүруге қолайсыз болуы және Қазақстандағы компаниялардың бірінен жақсы ұсыныстың түсуі себеп болған.
Мәскеу — қарбаласқа толы, тіршілігі тоқтамайтын қала. Негізі әу баста ниетім тек тәжірибе жинап келу болды. Жоспар бойынша бір жыл жұмыс істеп, елге қайтуым керек еді. Алайда Қазақстанда дәл сондай жалақы мен қызметті Galamat Tech компаниясы ұсынды. Көп ойланбай елге оралдым, — дейді ол.
4-курс студенті қазір Galamat Tech компаниясының екі жобасында java backend middle әзірлеуші болып жұмыс істейді. Мәскеуде кіші маман болса, Қазақстанда middle, яғни орта деңгейге көтеріліпті. Ал java backend — сайттың қолданушыларға көрінбейтін бетінің логикасын жазып, дайындаумен айналысатын ІT-маман.
Ерсұлтанның айтуынша, Huawei ірі компания болғаны себепті оның дайын кодтары мен деректер базасы үлкен. Күн сайын шағын жиналыс болады, жұмыс тәртібі талқыланады. Компания кодтың түсінікті болуына баса мән береді екен. Себебі үлкен компанияда қызметкер саны да көп. Бір маман басқасының жазған кодын қарағанда өте түсінікті, қарапайым болуы керек.
Ал Қазақстандағы ІТ-компаниялар жаңа, жас, сондықтан код жазу әлі жүйеленбеген. Біреудің жазған коды мықты, өте сәтті жұмыс істеуі мүмкін, бірақ оны басқа ІТ-маман келіп оқуға, өзгертуге тырысқанда түсінбей жатады екен. Сондықтан Ерсұлтан қазір өзі жұмыс істейтін компанияда код түсінікті әрі қарапайым болуына мән береді.
Ерсұлтанның ІТ-маманға кеңесі
Қазақстандық ІТ-мамандардың базалық білімі мен ойлау қабілеті мықты екенін байқадым. Алайда тілді меңгеру жағынан ақсап жатамыз. Бағдарламалау тілі – ағылшын. Бағдарлама жазуға, оны түсінуге, қосымша ресурстарды оқуға ағылшын тілін білу маңызды. Өзім жұмысқа орналасқанда ағылшын тілін pre-intermediate деңгейін білдім. Еркін сөйлесе алмасам да, қажет ақпаратты тауып, оқып, түсіне алдым. Алайда ІТ-маман ретінде тілді одан әрі меңгере беруім керек, — дейді Ерсұлтан.
Ерсұлтан биыл университет бітіреді. Қазір диплом жұмысын жазып жатыр. Оның сөзінше, қатарластарының көбі университетте алған біліммен шектеліп қалады екен.
Қызыл диплом алып, университеттегі пәннің бәрін беспен оқу басқа да, ал ІТ әлеміне еніп, өз салаңды табу мүлдем басқа. ІТ факультетінің студенттері «Міне, университет бітіріп, қызыл диплом алып, мықты бір компаниядағы бос орынға барамын да іске кірісемін» деп ойлайды. Компанияда жұмыс істеу үшін оқу орны берген білім жеткіліксіз. Әр студенттің нақты бір салада дағдысы мен тәжірибесі болғаны маңызды. Маманның қанша бағдарламалау тілін білетіні емес, қайсын өте жетік білетіні бағаланатын көрінеді. Студент кезінен бастап компаниялармен байланыс орнатып, тағылымдамадан өтіп жүрген студенттер университет бітірмей жатып жұмысқа орналасып алады. Ал дипломын алған мамандар бос жұмыс орнын таба алмай дал болады. ІТ саласын бітірген түлектің көпшілігі басқа салаға ауысып кетіп жатады. Мені де осы мәселе алаңдатады. Тағы бір нәрсе — компаниялар тәжірибесі жоқ мамандарды оқытып, үйретуге уақыт құртқысы келмейді. Ал ірі компанияда ай сайын миллиондап айлық алатын маман университеттегі өте аз мөлшердегі жалақыға студенттерге сабақ бергісі келмейді. Энтузиаст адамның өзі ұзаққа бармайды. Себебі қазіргі нарықта middle ІТ-маманның өзі миллионнан көп айлық алады, — дейді Ерсұлтан.
Қазақстанның ІТ-нарықтағы потенциалы қандай?
Ерсұлтан сонымен бірге Қазақстанның ІТ саласында орны және болашағы туралы да айтты. Ол елімізде ІТ үшін де, жас мамандар үшін де үлкен мүмкіндік бар дейді.
Қазақстанда ІТ саласы сәт сайын дамып жатыр. Бюджет, қолдау, технология жағынан шектеу жоқ, тек білікті мамандар жетіспейді. Мамандар бар, бірақ олар тәжірибе жинау үшін дүниежүзіндегі ірі компанияларға ағылып кетіп жатыр. Себебі Қазақстанда әлі танымал әрі тәжірибелі компания жоқ, бірақ болашақта сол мамандар елде бас қосып, ірі компания құрады деген сенімдемін, — дейді ол.
Қазақстандағы ІТ-мамандар Еуропаға, Америкаға кетіп жатқанымен олардың орнын Ресей мен Украинадан келіп жатқан мамандар толықтырып жатқан көрінеді. Ерсұлтанның айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін Қазақстанға қоныс аударған ІТ-мамандар мұнда даму тенденциясы мен бюджет бар екенінен хабардар. Олардың еңбек күшімен Қазақстан елдегі ІТ деңгейін жақсы дәрежеге көтере алады екен.
Ерсұлтан Қазақстандағы ІТ-дің дамуын қарапайым Kaspi.kz қолданбасымен түсіндіріп берді.
Дүниежүзінің көп елінде дәл осындай ыңғайлы, қауіпсіз қолданба жоқ. Қолданбаның интерфейсі, ойлану жылдамдығы, түсінікті болуы жағынан басқа банктерден озық. Жалпы ІТ-технологиялардың көмегімен күнделікті тұрмысты жеңілдету – қазіргі заманғы ең тиімді шешім мен таңдау, — дейді ол.
Ерсұлтанның ендігі арманы – Google компаниясында кемінде бір жыл жұмыс істеп, тәжірибе мен қаражат жинау.