— Абай, Galamat Tech компаниясы қандай жобаларды іске асырып жатыр?

— Әлеуметтік желіде чат-бот, мобайл қосымша, жоғары жүктемелі сервис және аутсорсинг құрастыратын компания 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Басты мақсаты — киберқауіпсіздік пен жасанды интеллектіні дамыту. Қазір жасанды интеллект бойынша бірнеше жоба құрастырып жатырмыз. Біз әлеуметтік желілермен жұмыс істейміз. Іnstagram әлеуметтік желісінде 8 миллионға жуық оқырмандарымызды пабликтерге автоматизациялайтын бот құрастырдық. Бот әзірге мәтін жаза алмаса да, оны өзгерте алады. Мысалы, әр аккаунттың аудиториясына байланысты мәтіннің ішіндегі атауды, кейбір сөздің синонимін өзгертеді. Басында әлеуметтік желіде 36 парақшамызды 12 адам жүргізді. Уақыт өте келе бизнес жоспарымызға назар аударып, бұл әрекетімізден ешқандай табыс болмайтынын түсіндік. Өйткені екі жыл бұрын пабликтердің табыс көзі жақсы еді. Қазір шығындарды үнемдеу үшін бот құрастырып, 50 парақшаны екі адам ғана жүргізеді. Осындай кішкентай жобаларды құрастырғанда түсінгенім — аудиториясы бар және соған қызық жобаларды іске асыру қажет.

Сонымен қатар біз қазір бұлтты өнім құрастырып жатырмыз. Ол аккаунтты жүргізеді. SMM-маманның орнына автоматты түрде чат-бот жауап береді. Егер интернет дүкеніңіз болса, қолданушылардың біртүрлі сұрақтарды қоя беруі — сізге таныс жағдай. Мысалы, постқа өнімнің бағасын жазып қойсаңыз да, желі қолданушысы бағасын сұрай береді. Егер аккаунтта 30 000-40 000 жазылушы болса, күніне шамамен 200 пікір жазылады. Оған 10 минуттың ішінде жауап бермесеңіз, тұтынушыны жоғалтып алу қауіпі бар. Сондықтан біз бұл проблеманы шешудің жолын іздеп жатырмыз.

Stories бойынша Іnstagram желісінде лимит жоқ. Аккуанттың белсенділігі қаражаттың өсуіне ықпал етеді. Қазір осындай 16 жоба іске қосылды. Екі жылдың ішінде 50 жобаны іске асыруды жоспарлап жатырмыз. Бірақ бұл жұмыстың барлығын біздің команда ғана істемейді. Өйткені проблема командада емес. Егер белгілі бір жоба іске асырылмаса, оны қайта жүргізетін идеологтар қажет. Мен ары кетсе, үш жобаны құрастыруым мүмкін. Сондықтан неғұрлым көп идеолог болса, соғұрлым жобаның саны артады.

— Бұл жобалар қандай нәтиже бермек?

— Бот Galamat Media жобасының аясында Instagram желісіндегі аккаунттарды басқарады. Бұл — әлі де сынақтағы жоба. Мысалы, Kaztwitter парақшасына бір жарнама келсе, басқа группаларға оны сатамыз. Блогерлерге жұмыс істеу үшін үлкен комания болуымыз керек. Негізі стратегиямызды іске асыру үшін қомақты қаражат қажет. Galamat academy жобамызды іске асырып жатқанымызға екі жыл болды. Ол әртүрлі курстарды дамытады. Келесі жылы 1 000 000 баланы оқытуды жоспарлап отырмыз.

Біз түсініксіз сөздерге анықтама беруге тырысамыз. Егер бала сөзді түсінбесе, миындағы нейрондар дұрыс жалғаспай, адамның көңіл-күйі түсіп, тіпті, стресс болуы мүмкін. Мысалы, «қатын» сөзіне халықтың агрессиясы бар. Өйткені оның мағынасын білмейді. Біз осы жобаның аясында әр сөздің мағынасын түсіндіруге тырысамыз. Қазір білім беретін орталықтар, курстар көбейіп кетті. Себебі оған адамдар мұқтаж. Сапалы емес дүние уақыт өте келеді жойылады немесе сапалырақ бола бастайды.

Компаниямыздың командасы мықты. 15-ке жуық программист жұмыс істейді. Жобаларымыз кіші және орта бизнеске арналған. Басты мақсат — тұтынушының санын арттыру. Ал үлкен жүйе құру бізге проблема емес. Әлем бойынша 1 200 000 мақсатты аудиториямыз бар.

— Мемлекеттік жобаларды компанияңыз іске асыра ма?

— Бірнеше мемлекеттік порталға техника жағынан көмек көрсеттік. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының мобайл қосымшасын құрастырдық. Оған екі-үш компания бәсекелесіп, соңында біздің компания конкурсты жеңіп алды. Сол кезде мобайл қосымшаны құрастыру идеясының авторы Ерлан Каринмен жұмыс істеу маған қатты ұнады. Мобайл қосымшаны қолданушыға ыңғайлы құрастырдық деп ойлаймын. Оны пайдаланушылардың санына қарай баға беруге болады. Ұзақ уақыт ТОП үздіктің қатарында болдық.

—  Қазақстанда ІТ саласы қалай дамып келеді?

— Елімізде ІТ саласына бөлінген гранттардың көбейіп жатқаны қуантады. Біздің ІТ-мамандардың потенциалы әлемдегі программистердікінен еш кем емес. Керісінше шетелге кетсе, бірден көтеріліп кетеді. Ол біздің тегіміздің тазалығына байланысты деп ойлаймын. Өйткені бізде математиканы оқыту базасы өте жақсы. 8-кластан соң баланы профиль оқытқан дұрыс. Бала бәрін көруі керек. Бағдарламашы болып та, кәсіпкер болып та қателесуден қорықпауы қажет. Сонда нәтиже болады.

Еліміздегі компаниялар финтех пен медтех саласында озуы мүмкін. Ал қалған салалар бойынша озу қиын. Мысалы, Blog chain әлем бойынша барлық жерде дамиды. Егер біз оны медицина саласында дамытсақ, онда біз нәтиже көрсете аламыз. Қазақстанда нақты жобасы  бар 30 ІТ-компания жұмыс істейді. Мамандардың білімі, этикасы өте жоғары. Болашақта бұдан да жоғары дәрежеге жетеміз деп ойлаймын.

— Цифрлық Қазақстан мемлекеттік жобасынан қандай нәтиже күтесіз?

— Жалпыға ортақ үлкен проблема бар. Ол — жүйе. Егер билікте отырған әрбір адам өз саласының маманы болса, ешқандай қиындықтар болмас еді. ІТ саласындағы жобалардың іске асырылуы да дәл солай. Бір орнында отырған бастық екі жылдың ішінде нәтиже көрсетуі керек. Ал іске асырылатын жоба 10 жылдан кейін нәтиже беруі мүмкін. «Цифрлық Қазақстан» жобасы халыққа өте пайдалы. Оған мысал  — Egov.kz порталы. Бірақ сол Egov.kz порталын үйде отырып-ақ қолданатын адам аз. Халыққа қызмет көрсету орталығына барсаң, кезекте тұрған 30-40 адамды көресіз. Ал оны 15 минутта ешқайда шықпай, анықтаманы алуға болатынын үйрету керек. Меніңше, Egov.kz порталының дизайнын дұрыстау қажет. Жан-жақтан толтыру қажет жолдар қолданушыны шатастыруы мүмкін. Осы жағын ойластыру керек. Бағдарламадан болашақта оң нәтиже күтемін. Өйткені қазақтілді аудиторияның қатары көбейіп келеді.

— Әңгімеңізге рақмет!