Ой салатын қысқа үздік 5 әңгіме

Спарталықтардың тапқырлығы

Македония патшасы Филипп ІІ грек қаласының тұрғындарына хат жазады:

«Бірден бағынуларыңа кеңес беремін. Егер әскерім сендердің жерлеріңе кіретін болса, барлық егін, бау-бақшаларыңды құртады, ал тұрғындарыңды құл етеміз»,- дейді.

Спарталықтар бір ауыз сөзбен жауап қатады: «Егер».

Тағдыр тәлкегі

Оянғанымда тұла бойым тұтастай ауырып тұрғанын сездім. Көзімді ашқанда, мейірбикені көрдім.

— Фуджима мырза, сіздің жолыңыз болды. Хиросимадағы бомбалаудан аман қалдыңыз. Қазір сіз ауруханадасыз. Енді сізге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

— Мен қайдамын?

— Нагасакидесіз, — деді ол.

Ақиқатты іздеу

Оның осынау бір тып-тыныш, жапан елдегі сапары тәмамдалды. Ескі үйдің есік алдында от жағып Шындық отыр. Ол өмірінде мұнан асқан кәрі әрі ұсқынсыз әйел затын көрген емес.

-Сіз  Шындық боласыз ба?

Бет аузы әжімденіп кеткен кәрі әйел салтанатты түрде бас изеді.

-Айтыңызшы,  мына әлемге қандай сәлем айта барайын? Қандай хабар апарайын?

Кемпір отқа түкірді де тіл қатты:

-Оларға менің әдемі әрі жас екенімді айта бар!

(Роберт Томпкинс)

Асықпа

Дана қарттан «Өміріңізде мақсатыңызға жете алмай, өкінген кезіңіз болды ма?» деп сұрағанда, ол ұлудың оқиғасы туралы айтып берді.

Көктемнің салқын күні. Әлі гүлдемеген шие бағында ұлу бұтаны жоғары бойлап кетіп бара жатқан еді. Сайраған құстар қатты күліп:

-Шие әлі гүлдемеген, қайда асығып барасың?, — деп келеке ете бастайды.

Еш жабырқамастан:
— Гүлдейді, мен жеткенше, — дейді ұлу.

Қара сүт

Бір елдің патшасы халқын жиып:

-Бірлігіміз артсын! Әр отбасы мына тайқазанға бір-бір кеседен сүт құйсын. Таңертең сүтті пісіріп, барлығымыз бірге ішеміз, — деп бұйрық береді. Халық таңға дейін қазан қақпағындағы кішкене тесікке: «Мен құйсам, білінбес», — деп кеселетіп құя береді.

Ал таңда патша тайқазан ішінен тек қара су көреді.