Балет кеші басталғанға дейін театрға келген қонақтарға концертмейстер Құралай Қанапина ерекше атмосфераны сыйға тартты. Оның фортепианода ойнаған бірнеше әуені сән-салтанаты жарасқан театр ғимаратымен өзара жарасым тауып, көрерменнің көңілін көтерді.
«Астана балет» театры көрерменге жалғыз актілі екі балетті ұсынды. Оның бірі — Джордж Баланчиннің «Серенадасы».
Ұзақтығы — 31 минут. Әлемдік премьерасы 1935 жылғы 1 наурызда Нью-Йорктегі «Адельфи» театрында өткен. Ал «Астана балет» театрындағы премьерасы 2017 жылғы 25 мамырда болған.
Балетті Виктория Саймон, Арман Оразғалиев, Барбара Каринска, Рональд Бейтс, Қазбек Ахмедияров Әсел Абақаева және тағы басқалары бірігіп жасаған.
«Көпшіліктің пікірінше, бұл балетте бір құпия сюжет бар. Шын мәнінде, олай емес. Мұнда бишілер ғажайып музыкаға би билейді. Бар болғаны осы. Балеттің жалғыз ғана сюжеті — серенада музыкасы, қаласаңыз, бұл — ай астындағы би».
20 минуттық үзілістен кейін көрермендер композитор, музыкант Болат Сыздықовтың рухына бағышталған «Тағдыр бұлтарыстары» бір актілі балетін тамашалады.
Шығарманы қоюшы-балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллинаның музыкасы мен либреттосы бойынша қойды.
Балеттегі 22 хореографиялық миниатюра адамның болмысын тануға жол ашып, бұл жалғанға оның қандай болып, әрі не үшін келетінін түсінуге мүмкіндік береді.
Алматыда алғаш рет қойылған балет көпшіліктің көңілінен шықты. Мұны көрерменнің хореографиялық миниатюралар арасындағы экстазынан және соңындағы қызу қол соғуынан байқауға болады. Залдағылар шымылдық жабылған соң да біршама уақыт сахнаға, айналысына тәнті болып қарап тұрды.