Мәжіліс Назарбаев есімін Конституциядан алып тастауды мақұлдады

Сенаторлар енгізген толықтыру бойынша «Референдум туралы» заңнан елбасы туралы норма алынып тасталды. Бұл конституциялық заң жобасын Қазақстан Республикасы парламентінің депутаттары әзірледі.

Заң жобасын парламент сенатында қарау барысында қосымша толықтыру енгізілді. Бұл толықтыру комитет отырысында қаралды. Сенат, республикалық референдумның нысанасы бола алмайтын мәселелерді нақтылау мақсатында, «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 3-бабы 2)-тармақшасын жаңа редакцияда ұсынып отыр. Атап айтатын болсақ, «мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын өзгерту» мәселелерi референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды, — деді мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.

Палата отырысына қатысқан 96 депутаттың барлығы өзгерісті қолдап дауыс берді. Енді президент Тоқаев бұл құжатқа қол қоюы керек.