25 жастағы Меруерт Мұханова EPAM ІТ компаниясында дата-аналитик болып жұмыс істейді. Ол көпшілік біле бермейтін мамандығы туралы айтып берді.
— Меруерт, дата-аналитик деген кім және оның қызметі қандай?
— Аналитика ұғымы кең, оның түр-түрі бар: бизнес-аналитик, product-аналитик, дата-аналитик және тағы басқа. Өзім оның ішінде дата-аналитикпін. Оның міндеті — деректерді пайдаланып, қандай да бір адамның немесе компанияның проблемасын шешу және оның қызметін пайдалы ету.
Дата-аналитика бірнеше процестен тұрады. Бірінші — кәсіптің қажетін анықтау. Екіншіден — сол қажет нәрсені қанағаттандыру үшін не істеу керек екенін табу. Кейін оған байланысты деректер жинау, оны сұрыптау, өңдеу. Соңында барлық ақпаратты сақтап, визуализация түрінде беру. Дата-аналитик бір жобаның шешімін табуға екі-алты ай уақыт жұмсауы мүмкін. Жалпы жұмыс процесі — ұзақ.
Мысалы, бір кәсіпкер «Өнеркәсібімдегі қызметкер саны 1 000 адамнан 1 500-ге көбейді, бірақ жұмыс нәтижесінде еш өзгеріс жоқ. Оған не себеп?» деген сауалмен келді делік. Ендігі біздің, яғни дата-аналитиктердің миссиясы — оның себебін анықтау. Біз кәсіпкерден өнеркәсіптегі қызметкерлер, олардың жұмысы, тапсырмалары және жобалары туралы ақпаратты аламыз. Сонымен бірге әр жұмысшының қанша уақыт жұмыс істейтінін, қай жобаға неше уақыт, қанша қаражат кетіп жатқанын сұрастырамыз. Кейін осы деректерді пайдаланып, анализ жасауға кірісеміз. Соңында проблеманы анықтап, оның шешу жолын ұсынамыз. Кейде қызметкердің жұмысы тиімді болмауы немесе жоба сәтсіз болуы мүмкін. Кейде тіпті жобаның да, қызметкердің де кәсіп үшін маңызды екенін, бірақ оған дұрыс фокус қойылмағанын анықтап жатамыз.
— Бұл сала несімен қызықтырды?
— Сүлейман Демирел университетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша оқығанымда алғаш дата-аналитикамен таныстым. Дегенмен бірден бұл саланы таңдаймын деп шешпедім. Екінші курста «Кім болғым келеді?» деген сұрақтың жауабын іздедім. Сөйтіп негізгі принциптерімнің бірі ретінде өзімді ІТ саласының түрлі бағытында байқап көруді қолға алдым. Мобайл қолданбалар жасаумен айналыстым, фронтенд-әзірлеуші, бэкенд-әзірлеуші болып жұмыс істеп көрдім, бірақ оның ешқайсы менікі емес екен. Кейін бір жыл дизайнер болдым, бірақ тек сурет салып, сандардан алшақ жүре алмайтынымды түсіндім.
Дата-аналитикаға келмес бұрын өте ұзақ ойландым. Себебі елімізде бұл сала енді ғана дамып келе жатыр, сол себепті болашағын білмедім. Компаниялардың көбінде дата-аналитик позициясы болмады. Дегенмен маған деректер, сандар, статистикамен жұмыс істеген ұнайды. Ақпараттарды қазбалап, маңызды деректі көргенде алтын тапқандай мәз боламын. Бір сөзбен айтқанда, дата-аналитика шындыққа жетуге көмектеседі. Оның үстіне, мұнда дизайн мен сандарды гармонияға келтіруге болатындықтан осы бағытқа тоқталдым.
Негізі 7-8 класс оқып жүргенімде бір корей сериалынан бас кейіпкердің сандар, ақша, бизнес, анализ сферасында жүретінін көргенмін. Оның қызметі сол кезде-ақ маған ерекше көрінді. Сөйтсем әлгі жігіт «дата-аналитик» екен. Оны енді ғана түсініп жатырмын.
— Кәсіпкерлердің немесе басшылардың кейбірі «Өз ісіме өзімнен артық ешкім анализ жасай алмайды» деуі мүмкін. Мұндай кезде дата-аналитиктің қызметін қалай түсіндіресіз?
— Иә, бұлай ойлайтын адам көп. Себебі кәсіптің ішкі асүйін өзінен жақсы ешкім білмейді деп ойлауы мүмкін. Бұл пікірі де дұрыс. Дегенмен кәсіпкер немесе басшы жұмыс орнын толық қадағалайтынын да ескерген жөн. Ол қызметкерлерге де, есеп жұмысына да, шығынға да, техникаға да жауап береді. Әрине, ол әр ісіне мұқият болуы мүмкін, бірақ көп жағдайда анализін ойында сақтайды. Ойдағы зат әдетте шашыраңқы күйде қалады. Ал дата-аналитиктер сіздің дәл сол проблемаңызға анализ жасап, себебі мен салдарын анықтап, шешімін тауып, оны компьютер тіліне салып, қағаз бетіне түсіріп, өзгертуге тырысады. Сонымен бірге маман тек шешімін тауып қоймай, визуал түрде жеңіл, әдемі жеткізеді. Миллиондаған статистика мен сан болса да, қарапайым түсінікті тілде жеткізу — негізгі мақсаты.
Дата-аналитик өндіріс қызметкерлерің келбетін, жеке қасиеттерін мен өмірін білмейді. Қызметкердің тек жұмысқа қатысты деректеріне сүйеніп анализ жасайды, яғни оның қорытындысына сыртқы факторлар әсер етпейді. Дегенмен мұндай жұмыстың кемшілігі де бар. Дата-аналитик берілген деректер бойынша ғана анализ жасайды. Қолда бар ақпарат толық болмауы немесе қате болуы объектив қорытынды жасауға кедергі келтіруі мүмкін. Әрине, клиенттерден толық ақпарат беруін сұраймыз. Сырттан қосымша ақпарат жинауға мүмкіндік болса, нақты, заңды дереккөзге сүйеніп, фактчекинг жасап, мағлұматтарды пайдаланамыз.
Қазір еліміздегі ірі компаниялардың жеке дата-аналитигі бар. Дегенмен шағын немесе орта кәсіп өкілдері бұл саланы өз мойнына алуды жөн көреді. Меніңше, мұнымен айналысатын жеке маман болғаны дұрыс.
— Дата-аналитик қандай қабілет пен қасиетке ие болуы керек?
— Бірінші — бұл сала маманының математикадан хабары болғаны жөн. Сонымен бірге логикасын дамытуға үнемі мән бергені дұрыс. Ол үшін түрлі кітап оқып, білімін жетілдіріп отыруы керек.
Екінші — дата-аналитик қайсар және шыдамды болуы керек. Себебі қандай да бір мәселенің себебі мен салдарын іздеуге көп уақыт пен темірдей жүйке қажет. Өйткені істі жарты жолдан тастап кетуге болмайды.
Үшінші — сұраудан ұялмауы керек. Бұрын басшыма тапсырмаға қатысты артық сұрақ қоюға ұялатынмын, тіпті қорқатынмын. Кейін мұның жұмысыма зияны тиетінін байқадым. Сол себепті дата-аналитик боламын деушілер сұраудан еш қысылмауы қажет.
Төртінші — ойын дұрыс жеткізгені дұрыс. Себебі дата-аналитик кәсіпкерлерге ұсыныс айтады. Ол оның кәсібіне үлкен өзгеріс алып келуі мүмкін. Маманның ойын дұрыс жеткізбеуінен бір бизнес құрдымға кетуі ықтимал.
Бесінші — клиенттермен байланыс орнатуы керек. Кері байланыс өз жұмысының нәтижесін білуге, одан ары дұрыс бағытта жұмыс істеуге көмектеседі.
Дата-аналитиканың маманға қояр талабы көп және олар қиын, бірақ берері де аз емес. Мысалы, осы салада жұмыс істеуімнің арқасында критикалық ойлау қабілетім дамыды, елімізде және дүниежүзінде болып жатқан оқиғаларға да дұрыс анализ жасауды, объектив қарауды үйрендім. Мысалы, қазір әлеуметтік желіде президентке қатысты түрлі видео, фото тарап жүр. Халық мемлекет басшысына сүйсініп жүр. Өзіме ол контент еш әсер етпеді. Мен үшін президенттің сүйкімді әрекеті емес, оның шешімі мен ісі маңызды. Сонымен бірге әртүрлі сала бойынша көп нәрсе біле бастадым. Мысалы, осыған дейін Alemagro компаниясында жұмыс істедім. Онда ауыл шарушалығы, құнарлы жер, дәнді дақылдар туралы біраз мәлімет жинадым.