Аян Қайырбек қазір Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінде 11-класта оқиды. Оған мұндай қолданба жасау идеясы коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген қатаң карантин кезінде елде көбейген зорлық-зомбылық фактілері себеп болған.

2020 жылы қатаң карантин шектеулері кезінде жаңалықтардан, мақалалардан Қазақстанда пандемия басталғалы зорлық-зомбылық құрбандары көбейгенін білдім. Сол дерек қолданба жасауыма түрткі болды. Оны іске асыруына информатика пәнінің мұғалімі, жетекшім Шадияр Тажғуразов көмектесті, — дейді Аян.

UmaiAsar-ды кез келген адам қолдана алады. Қолданбаны әуелі смартфонға жүктеп, сенімді үш адамның номерін енгізуі және мекенжайын білуге рұқсат беруі қажет.

Онда үш номерді сақтауға, өшіруге, қайта қосуға мүмкіндік бар. SOS батырмасын басып, хабарлама жіберуге болады. Сонымен бірге ақпарат беретін бөлім де қосылды. Онда дағдарыс орталықтарының мекенжайы, телефон номерлері, алғашқы медициналық, психологиялық көмек беру тәсілдері, заңнама туралы ақпарат бар. Бұл ақпараттар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамға аз да болса, көмек болады, — дейді оқушы.

Фото жеке архивінен

Өкінішке қарай, UmaiAsar-ды iPhone ұстайтындар қолдана алмайды екен. Аян оның себебін түсіндірді.

Қолданба Java бағдарламалау тілінде Android операциялық жүйесі үшін дайындалды. iOS үшін де дайындауға болады, бірақ онда басқа бағдарламалау тілімен жазылады. Менде қазір Аpple-дің компьютері жоқ, болса, міндетті түрде қолданбаны құрастырар едім. Қолданбаны жасауға бес ай уақыт жұмсадым. Жұмыс 2020 жылғы қарашада басталып, былтыр наурызда бітті. Кейін дизайнын жасадым. Мұғалім процестің бәрін қадағалады, — дейді ол.

Қолданбаны әзірше Аянның таныстары ғана қолданып көрген. Себебі ол оны әлі Google Play Market-ке жүктемеген.

Біз қолданбаны жаңарттық. 2-3 күнде Play Market-ке жүктеуге өтінішті жіберемін. Сосын Google-дың мақұлдағанын күтеміз. Мақұлданса, қолданба Android операциялық жүйесінде қолжетімді болады. Әзірше қолданба тек орыс тілінде құрылды, кейін қазақ тілін де қосамыз. Сонда қолданбаға кіргенде тілді таңдау мүмкіндігі болады, — дейді Аян.

Фото жеке архивінен

Аян UmaiAsar-ды жасағаны үшін автор құқық алу оңай болмағанын айтты. Үш рет құжат тапсырғаннан кейін ғана заңды түрде осы қолданбаның авторы ретінде мойындаған.

Біріншісінде құжатта қате санатты көрсеткеніміз үшін, автор құқығын бермеді. Онда «ЭЕМ (электрон-есептеу машинасы) бағдарламасы үшін» деген санатты таңдауымыз керек екен. Екіншісінде тағы да құжатта қате кетті. Үшінші рет тапсырғанда ғана мақсатымызға жеттік, — дейді Аян.

Қолданбаның атауында терең мағына жатыр екен. Оны Аян ата-анасымен ақылдасып өзі қойған.

Ұмай – бұл көне түркі мифологиясында әйелдер мен балалардың, отбасы ошағының құдайы саналады. «Асар» — қазақ халқының ежелгі дәстүрі бойынша «көмек беру» деген мағынаны білдіреді. Сол үшін қолданба көбіне әйелдер мен балаларды қорғауға көмектессін деген оймен осы атауды таңдадым, — дейді оқушы.

UmaiAsar-дың құқық қорғау органдарына тікелей хабарлама жіберуге мүмкіндігі бар, бірақ оған құзырлы орган рұқсат бермепті.

Бізде 102-ге немесе 112-ге хабарлама жіберу мүмкіндігі бар. Алайда ішкі істер министрлігі мен төтенше жағдайлар министрлігіне ресми хат жолдағанымда олар көмектесе алмайтынын айтты. Сондықтан әзірше полицияға тікелей хабарлама жіберу функциясы жоқ. Егер құзырлы  органдар рұқсат етсе, ондай функцияны енгізуге әрқашан дайынмын, — дейді Аян Қайырбек.

Ол қолданушылардың дерегі құпия сақталатынын айтты және қауіпсіздігі туралы уайымдамаса болатынын ескертті.

Ақпарат қауіпсіздігін ойламай-ақ қойса болады. Қолданбаны пайдаланғанда геолокацияны анықтауға және хабарлама жіберуге рұқсат сұралады. Бірақ бұл деректерді жинамаймыз, қолданушының қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндей басқа мақсатқа қолданбаймыз. Мекенжайы оған қауіп төнген кезде сенімді үш адамына жіберу үшін ғана сұралады. Ол еш жерде сақталмайды деп сендірді ол.

Фото жеке архивінен

Аян бұл жобасымен Түркістанда өткен «Жасанды интеллект және мехатроника» атты Наурыз кездесулеріне қатысқан. Наурыз кездесулері – тек NIS-тің жас ғалымдары мен өнертапқыштары қатысатын дәстүрлі жоба. Ғылыми жобалардың биылғы көрмесі қазіргі заманның ең өзекті тақырыбының бірі – «Жасанды интеллект және мехатроникаға» арналған.

Онда тек Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен қызметкерлері ғана емес, шетелдік, отандық ғалымдар, әкімдер, шенеуніктер де келіп, көрмедегі жобаларды қызықтады. Көрмеде UmaiAsar-ға қызыққандар да болды. Көбі мұндай тақырыптың көтерілгеніне риза болып, сәттілік тіледі, — дейді Аян Қайырбек.

Оның айтуынша, Қазақстанда мұндай зорлық-зомбылықтан қорғайтын ұқсас жобалар бар, бірақ UmaiAsar-дың ерекшелігі көп екен.

Play Market-тен UmaiAsar сияқты зорлық-зомбылыққа қатысты мобайл қолданбаны байқамадым. Дегенмен телефон номеріне мекенжайы жазылған хабарлама жіберуге болатын жобалар болған. UmaiAsar-дың олардан айырмашылығы – қолданбадан SOS батырмасымен қоса зорлық-зомбылық құрбанына қажет ақпараттың бәрін табуға болады. Ол ақпаратты интернеттен іздеп тауып алуға болатынын білемін. Бірақ барлығын жеке-жеке іздегеннен гөрі бір жерден табуға оңай болғанын қаладым, — дейді Аян.

Жоба авторының сөзінше, бұл жобаға көп шығын кетпеген және әлеуметтік жоба болғаны себепті ешқандай пайда табуды көздемейді.

Мобайл қолданба тегін болады, жарнама қосылмайды. Жобаға көп шығын кетпеді. Тек Play Market-ке әзірлеушінің аккаунтын тіркеу үшін 25 АҚШ долларындай бірреттік жарна төлеуі қажет. Адамдарға көмегі тиетін болғасын, өз қалтамнан төлеуге ақша аямаймын. Дегенмен кейін бұл аккаунт арқылы басқа қолданбаларды да тегін жүктей беруге болады, — дейді ол.

Фото жеке архивінен

Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушы 11-класта информатиканы таңдаса, бағдарламалауды үйретеді екен. Ал Аян бағдарламалау тілдерін 10-кластан бастап, өзі үйренген. Қазір С++, C Sharp және Python тілдерін біледі.

Ол мектеп бітірген соң IT маманы болғысы келеді. Ол үшін әуелі АҚШ, Канада немесе Еуропа елдерінің университеттеріне құжат тапсырмақшы. Мүмкіндік болса, Қазақстандағы үздік университеттің бірінде оқудан бас тартпайтынын айтты.