Универсиада: Сергей Малышев Қазақстанға тағы бір медаль сыйлады

Дүниежүзілік 28-Универсиаданың соңғы күні шаңғышылар арасында классикалық стильде масс-старт жарысы өтті. Сайыста ресейлік Дмитрий Ростовцев алтыннан алқа тақса, күміс жүлдені оның командадағы серіктесі Валерий Гонтарь алды. Ал қола жүлдені Сергей Малышев еншілеп, Қазақстан қоржынын 35-жүлдемен толықтырды.

Айта кетейік, командалық есепте Ресей құрамасы 70 жүлдемен бірінші орында, ал Қазақстан спортшылары тізімде 35 медалмен екінші орында тұр. Үшінші орын Корея құрамасының еншісінде, жалпы есепте олар 21 медаль жеңіп алды.

Бүгін, 2017 жылдың 8 ақпанында сағат 18:50-де «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары 28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындарын тікелей эфирде көрсетеді. Жабылу салтанаты 1,5 сағатқа созылып, «Алматы -Арена» кешенінде өтеді.