– Асқар мырза, Qalan.kz оқу порталы қандай алгоритм бойынша жұмыс істейді?
– Студент кезімде қосымша табыс табу үшін математикадан репетитор болып жұмыс істедім. Достарыммен бірге оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтынбыз. Математикадан сабақ бергенде көп оқушы 5-6-кластан бастап тақырыпты түсінбей қалғанын байқадым. Іргетасы дұрыс қаланбаған жоғары класс оқушысына басқа тақырыпты түсіндіру қиынға соқты. Математика тарих емес, жаңа тақырыпты оқып, түсіне салуға болмайды. Келесі тақырыпты түсінуі үшін бұрынғысын білуі керек. Тақырыптың бәрі тізбектелген бір жүйеге құрылады. Оның үстіне, оқушылар тек соңғы класта ҰБТ-ға дайындалу үшін ғана репетитордың көмегіне жүгінеді. Уақыт аз, меңгерілмеген тақырып өте көп. Сондықтан әуелі баланың қай тақырыпта қалып қойғанын анықтап, содан әрі қарай ілгерілеуге тура келді.
Алдыма қарапайым тақырыптарды меңгермеген оқушы келгенде мектептегі мұғалімдерге ашуым келетін. «Неге мектеп түлегі мына тақырыпты білмейді», «Неге мектептегі мұғалімі үйретпейді», «Не себепті қызметіне жауапкершілікпен қарамайды?» деп сынайтынмын. Кейін өзім оқу орталығын ашып, математикадан қосымша сабақ беріп жүргенде мектептен шақырту алдым. Сөйтіп өзім сырттай сынап жүрген жүйеге іштен үңілуге мүмкіндік туды. Жоғары оқу орнын енді ғана бітірген жас маман әрі максималист едім. Кластағы оқушыларды 100% қамтуға, жаңа тақырыпты түбегейлі түсіндіруге тырыстым. 45 минутта класс ішінде жүгіріп жүріп, барлық оқушының есебін тексеріп үлгеретінмін, бірақ бұл тәсіл көп энергияны алады екен. Кейін бұлай жалғастыру физикалық тұрғыдан мүмкін емес екенін түсіндім. 2017 жылы мұғалім болып жұмыс істегенде қызметіме 52 мың теңге айлық алатынмын. Ол кезде педагогтардың мәртебесі туралы айтылмайтын. Бірақ тәжірибе жинау үшін, қателіктердің тамырын зерттеу үшін маған қолайлы жағдай туды.
Оқушылар бақылаусыз қалса, көшіріп алуға құмартып тұратынын байқадым. Барлығын бақылауымда ұстай алмасам да, тым болмаса көшірмей, ойлануға үйрететін тәсіл іздедім. Ойлана келе, конверттегі есеп деген тәсіл ойлап таптым. Конверттің сыртына есептің берілгенін, ішіне шығарылу жолын жазып тарататын болдым. Бірінші өзің шығарып көр, сосын өзіңді тексер деген ұстаныммен жұмыс істедік. Бірақ бұл процесс те мен күткендей өнімді болмады. Университетте математика және компьютерлік модельдеу мамандығында оқыдым, осы тәсілді оңай әрі тиімді автоматтандыру жүйесін іздей бастадым.
2018 жылғы көктемде автоматтандырылған математика мектебін ашу туралы идея пайда болды. Қазан айында университетте менен екі курс жоғары оқыған Қуаныш Нәбиев есімді досыммен жобаға кірістік. Өзім көбіне педагогикалық бағытта жұмыс істедім, сол себепті есептер мен тапсырмаларды дайындаумен, ал Қуаныш код жазумен айналысты. Порталда әр есепке код жазып, генерация жасадық. Мысалы, жүйе бойынша 30 оқушыға бір тақырыпта есеп берілуі керек болса, тапсырма типі біреу, бірақ сандары әртүрлі болады. Бұл көшіруді азайтады. Оқушылардың кейбірі оңай жол іздеп, есептің жауабын интернеттен іздеп тауып, көшіре салады. Әр оқушыға еш жерде қайталанбайтын тапсырма беру арқылы оларды ойлануға мәжбүрлеп, тақырыпты түсінуге түрткі боламыз.
– Порталдың атауы неге Qalan.kz?
– Қазір нарықта study, education, school деген атауы бар математика орталығы көп. Біз қазақы атау іздедік. Абай Құнанбайұлының «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деген өлеңіндегі «қалан» сөзі ұнады. Жалпы математикада іргетастың берік қалануы маңызды. Біздің оқу орталығымыздың мақсаты – оқушыға математика саласында берік іргетас қалап беру.
– Аудиториямен қалай байланыс орнаттыңыздар? Портал оқушылардың көңілінен шықты ма?
– Портал әуеліде тегін қызмет көрсетті. Кез келген адам порталға кіріп, сабақ ала алатын, бірақ қолданушы саны аз болды. «осындай тегін портал бар», «өте пайдалы» деп мектеп басшылықтарымен келісуге тырыстық. «Кейін кел», «ойланып көрейік», «уақытымыз жоқ» деген жауаптардан кейін көңіліміз қалды. Білім басқармаларына да бардық. Кейбірі «байқап көрейік» деп опробацияға жіберді, кейін басшылық ауысып кетіп, тағы жауапсыз қалды. Қоғамда тегін білімнің қадірі болмайтынын және «патриотизм – бизнестің жауы» екенін түсіндік.
2020 жылы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесудің сәті түсті. Сол кездесуде оқу порталын жасағанымызды, қолданысқа тегін енгізу туралы ұсыныс айттық. Жобамызға қолдау білдіріп, сәуір айында екі мектепке тәжірибе ретінде енгізуге рұқсат берді. Алайда 2020 жылғы наурызда пандемияға байланысты карантиннің қатаң шектеулері енгізіліп, мектептер қашықтан оқуға көшті. Білім беру мекемелері жаппай Daryn.online, BilimLand платформаларын қолдана бастады.
Оқу орталығымыз уақытша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Алайда репетиторға алдын ала төлем жасап қойған оқушыларымызға қарыз болып қалдық. Zoom платформасы арқылы сабақ беруді бастадық. Алғашында оңай болмады. Бізге ғана емес, мұғалім, оқушы, ата-ана бәріне онлайн оқу жүйесіне үйрену үшін уақыт пен тәжірибе керек еді.
Оқушылар үй тапсырмасын орындамай, сабаққа немқұрайлы қарай бастады. Біздің платформада қатал жүйе болды. Сол себепті де оқушыларға ұнамайтын. Мысалы, қандай да бір есепті қате шығарса, дұрыс шығарғанға дейін сандары генерацияланады және келесі тапсырмаға өткізбейді. Біздің басты мақсатымыз сапалы білім беру болғандықтан осы жүйе дұрыс деп ойладық.
Пандемия кезінде де платформа тегін жұмыс істеді. Кез келген қолданушы есептерді шығара алатын еді. Барлығы білім алуға құқылы және сапалы білім тегін болуы қажет деген ұстанымда болдық. Тегін әрі қиын жүйеде есепті соңына дейін шығарып, нәтиже көрсеткендер саусақпен санарлық болды. Автоматтандырылған жүйе «түсінбей қалдым», «ауырып тұрмын» деген сылтауларды қабылдамайды. Нақты білім көрсеткішін ғана бағалайды.
– Проблеманы қалай шештіңіз?
– Университетте бірге оқыған достарыммен жиналғанда осы тақырыпты талқыладық. Сол кезде менен «Сен онлайн платформаның авторысың, бірақ неге өзің онлайн білім алуға болады дегенге сенбейсің?» деп сұрады. Осындай бірнеше сұрақтың арқасында платформаға не жетпейтінін түсіндік.
Нәтижесінде «Ұстаз–оқушы–ата-ана» үштағаны бойынша байланыс орнаттық. Қатемен жұмысты, сабақ туралы ескертуді, WhatsApp-чат пен ботты қостық. Балаларға бақылау жетіспейді екен. Оқушы тіркелгенде WhatsApp-тағы нөмірін көрсетеді. 20.00-ге дейін тапсырма орындамаса, бот оқушыға хабарлама жібереді. Жауап бермесе, ата-анасына хабар береді. Осындай байланыстан кейін эффект жоғарылады. Қолданушы саны көбейді.
– Qalan.kz қалай монетизацияланды?
– 2021 жылы көктемде порталдың 20 мың қолданушысы болды. Платформа тегін жұмыс істеп тұрды. Үш жылдан кейін порталды монетизациялау туралы ой келді. Қолданушылардың 10%-і қызметіміз үшін ақы төлеуге дайын болса, жобаны жалғастыруға болады деп болжадық. Сөйтіп порталдағы алғашқы 40 минут тегін, одан кейінгі бір айға жазылу бағасын 2 мың теңге деп белгіледік. Алайда мұны тек екі оқушы сатып алды.
Ақылы жүйеге көшкен соң бір оқушыдан мынадай хат алдым: «Qalan.kz-ті ақылы еткеніңіз жақсы болды. Көп рақмет. Бұрын апайлар үй тапсырмасын осы платформадан беретін еді. Қазір ақылы боп кетті деген сылтау айтамыз».
Ойлана келе оқушымен емес, мұғаліммен байланыс орнату маңызды екенін түсіндік. Сосын оқушыларға тегін, ал ұстаздарға 5 мың теңге деген тариф ұсындық. Бұл бизнес-модель де дұрыс болмай шықты, тек үш мұғалім сатып алды. Үш жылдық еңбегіміздің құны – 19 мың теңге. Өнімнің болашағына күмәнмен қарай бастадық. Әрі қарай қалай дамыту керегін ойландық.
Нарықты зерттей бастадым. Біздің өнімге ұқсас стартаптардың табысы миллион емес, миллиардқа таяған. Анализ жасауға кірістім. Ұқсас жобаларда видеосабақ пен тест қана бар, бірақ аудиториямен байланыс жоқ. Бәрі қарапайым. Ал бізде бәрі қамтылған, бірақ тұтынушы жоқ. 2021 жылы жазда түрлі тәжірибе жасадық.
Тіркелуші бірден 25 cұрақтан тұратын тесті шешіп, диагностика жасалатын болды. Жүйе оқушының білім деңгейі бойынша жоспарды автомат құрып береді. Нәтиже бойынша күнделікті тест сұрақтары қойылады. Айлық қайталау жұмыстары тағы бар. Осылайша, біз мұғалімді жүйеден алып тастадық. Мұғалім жасайтын жұмысты автоматтандырдық.
Ендігі мәселе — есепті соңына дейін шығаратын оқушы жоқ. Өйткені жүйе қатал. Тақырыпты толық түсінбейінше сол күнгі тапсырма аяқталмайды. Дәл сол есептің сан мәні ғана өзгеріп, қайталана береді. Есепті соңына дейін шығаруға балаларға мотивация қажет. Осы үшін біз cashback ойлап таптық. Оқушы Нұр-Сұлтан уақытымен 00.00-ге дейін тапсырманы орындаса, төлеген ақшасынан 100 теңге қайтарылады, бірақ бұл сома аз боп көрінді. Сондықтан есепті шығарып аяқтаған балаға өзінің 100 теңгесі және сол есепті шығармаған қолданушының ақшасы берілетін болды. Мысалы, бізде 100 баланың 100-і де есепті шығарса, барлығына 100 теңгеден беріледі. Ал егер 50-і ғана орындаса, қалған орындамаған 50 баланың ақшасы орындаған балаға бөлінеді. Бұл балаға жақсы мотивация болады деп есептедік. Өйткені оның миында «өз ақшамды қайтарып алуым керек», «орындамасам, басқалары алып қояды» деген ой тұрады.
Тапсырманы орындамау жалғаса берсе, «ақшаң күйіп кетеді» деген хабарлама барады. Мұның бәрін чат-боттар жазады. Бізде екі ментор бар. Олар бот жауап бере алмайтын хабарламаларға жауап береді. Болашақта бір ғана менторды қалдыру жоспарымызда бар. Ол үшін ботты қазіргіден де ақылды ету жолдарын қарастырып жатырмыз. Отандық нарықтағы онлайн білім беру орталығында табыстың 50%-і сабақ беретін ұстаздарға жұмсалады. Біздің платформа ІТ-технология көмегімен ресурс, энергия, қаржы үнемдеуге болатынын дәлелдеді. Қазір адамдарға ең маңызды үш нәрсе осы деп ойлаймын.
– Qalan.kz болашақта қандай бағытта дамиды?
– Болашақта «Математиканы қайдан үйренуге болады?» дегенде бірден Qalan.kz еске түсетіндей еңбек еткіміз келеді. Платформадағы оқушылар санын арттыру үшін сату, маркетингіні қолға алдық. Стартап авторларына айтарым – сату өнерін меңгеруіңіз керек. Сату сапаға байланысты емес. Ол үшін әр адамның психологиялық жағдайын, аудиторияны зерттеуіңіз керек екен. Небір жақсы жоба бастаған қатарластарымды білемін. Мотивацияны жоғалтып алу оңай, ал сапалы өнім жасау қиын. Түпкі мақсат сапалы қызмет пен өнім болса да, бизнес модельді дұрыс таңдамаған адам тоқырауға ұшырауы мүмкін.
Қазір оқу порталы тек қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Болашақта орыс және ағылшын тілінде математиканы үйреткіміз келеді.