Басты бетЖаңалықтарШолпан Каринова...

Шолпан Каринова «Алтын белгі» алудағы өзгерістерді айтты

2020-2021 оқу жылында 9 мыңнан астам түлек «Алтын белгі» иегері атанған. 2021-2022 оқу жылында республика бойынша 170 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Оқу жылы басында «Алтын белгіге» үміткерлер саны 12 мың болған. Алайда төртінші тоқсанда «Алтын белгіге» үміткер түлек саны 7,5 мыңға дейін азайған.

Оқушылардың, мектеп бітірушілердің арасында академиялық адалдық, жалпы адалдық, ашықтық мәселесін көтеруге байланысты өзгерістер енгізілді. Оқушылар бұған дейін де, биыл да қорытынды аттестаттау кезінде емтиханды 5 пән бойынша тапсырады. Пәндердің санына, ол жердегі материалдарға қатысты талап өзгерген жоқ. Биылдан бастап «Алтын белгі» үміткерлері математика пәні бойынша емтиханды Назарбаев зияткерлік мектеп базасында тапсырады, — деді білім министрлігінің бірінші вице-министрі.

Оның айтуынша, мектеп ішінде ерекше белгіге ұсынылған түлекке ұстаздары көмек көрсетуі мүмкін. Ал бұл өзгеріс «Алтын белгі» үміткерлері арасында теңдікті қамтамасыз етеді.

«Алтын белгіге» үміткер ерекше белгіден өз бетінше немесе ата-анасы бас тарту қажет деп шешсе, бұл оқушы 5 пәннен емтиханды өз мектебінде тапсырады. Түлек «Алтын белгіге» үміткер бола алмайды, үздік аттестат алады. Ал үміткер Назарбаев зияткерлік мектебінде тапсырған емтиханнан 4 деген баға алса, «Алтын белгіге» үміткер бола алмайды. Барлық өңірде Назарбаев зияткерлік мектебі бар. Облыстарда мектеп орналасқан жерге оқушыларды жеткізу, оларды үйіне дейін әкелу секілді барлық жағдай жасалады. Мұнымен өңірлердегі білім басқармалары айналысады, — деді Шолпан Каринова.

Сонымен қатар «Алтын белгіге» үміткер емтихан кезінде тиісті нәтиже көрсетпесе, ол мұғалімдерінің санатына әсер етпейді.

2021-2022 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Қорытынды емтихан тапсыру 28 мамырда басталады.