Қазақстанда жеңілдетілген автонесие тәртібі бекітілді

Бағдарлама 2022 жылдың сәуір айының соңында іске қосылады. Жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша қаржыландыру сомасы шамамен 100 миллиард теңге болады. Өңірлердегі автобустар паркін жаңарту үшін 30 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Ал автокөлікті несиелендіру мәселесіне келсек, бүгін отырыста шешім қабылданды. Осы айдың соңында жұмысқа кірісеміз. Шешім ресми түрде қабылданды, енді әріптестеріміз жұмысқа кіріседі, -деді Қайырбек Өскенбаев.

Министрліктің хабарлауынша, жеңіл автомобильдерді сатып алуға несие беру мынандай шарттар бойынша іске асады:

  • сыйақы мөлшерлемесі: 4%;
  • несиелендіру сомасы: 10 миллион теңгеден артық емес;
  • қаржыландыру мерзімі: 7 жылдан артық емес;
  • бастапқы жарна: 0 % бастап;
  • көлік құралының құны: 15 миллион теңгеден аспайды.

Автонесиені екінші деңгейдегі банктер береді. Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін министрліктермен міндетті шарт көзделген. Оған сәйкес екінші деңгейдегі банктерде қарыз алушыларға қаржыландыруды ұсынудың мәртебесі мен мерзімін қадағалайтын автоматтандырылған жүйе болуы тиіс,- делінген хабарламада.

Сонымен қатар қарыз алушыға екі жылдың ішінде бір реттен артық автонесие алуға тыйым салатын шектеу енгізілген.