Құдық қазу идеясы туралы
2016 жылы Иорданияда құдық қазғысы келетіндер туралы естідім. Сол кезде «Неге қазады екен?» деген сұрақ туды. Сол кезде бір ғана шолып өттім. Мұның исламдағы жария садақаның біріне жататынын білдім. Содан кейін қатты қызыға бастадым. Өйткені бұл — шексіз сауаптың бірі. Бұл да жол, көпір салу, ағаш отырғызу, білім беру сияқты адам өлгеннен кейін де сауабы жазыла береді.
2018 жылы су фильтрін сататын компанияның негізін қаладым. Сол сәтте құдық қазу туралы мақсатымыз пайда болды. 2019 жылдан бастап ақша жинауды бастадық. Алғаш жинаған ақшамыз — 5 мың теңге. Тауарымызды сатқаннан түскен пайданың бір бөлігін осы мақсатқа арнадық. 2022 жылы керек сома жиналып та қалды.
Ақша жиналған соң бізде екі таңдау болды. Біріншісі – Уганда, екіншісі – Кения. Екеуі де Шығыс Африкада орналасқан. Алғашында құдықты Кениядан қазамыз деп ойладық. Өйткені Кениядағы қызмет Угандаға қарағанда арзанырақ шықты. Кейін екі мемлекетке анализ жасап, Уганданың жалпы ішкі өнімі Кениядан 3 есе төмен екенін көрдік. Ойлана келе, құдықты таза суға шын мұқтаж халыққа қазып берейік деген шешімге келдік. The Ngali Development Foundation қайырымдылық қорымен келісіп, жиналған ақшаны жібердік. Олар жер асты суларын зерттеді, жерді қазып, сорғыны орнатты, бір айдың ішінде жұмыстың бәрін бітірді. Билет сатып алып, ашылуына бардық.
Африкадағы құдықтардың тереңдігі әртүрлі болады. Бізде дәретханаға деп 2-3 метр жер қазсаңыз, су шыға бастайды ғой. Африка құрлығында мұндай емес, құдықты қолдан қаза салу деген жоқ. Ең аз дегенде 30, көп дегенде 150 метр қазуыңыз керек, оның өзінде су шыға ма, шықпай ма, белгісіз. The Ngali Development Foundation-мен келіскеніміздің себебі — олар балаларды оқытады, ағылшын, араб тілдерін, математиканы үйретеді. Тайпа көсемі Шарифтің екі әйелі, 30 баласы бар. Шарифтің бір ұлына құдықты аманаттап тапсырдық, сол үшін The Ngali Development Foundation-де оқитын болды. Өйткені вандализм, тайпалар арасындағы талас, соғыс бар. Бұған қоса, суды сатуы мүмкін. Мұның тегін екенін шегелеп айтып кеттік.
Қуаныш, қайғы, өкініш немесе сезімдер коктейлі
Есіме түскені сол еді, денем қайтадан тітіркеніп кетті. Шоудың элементтері болғандай әсер берді. Негізі барамыз, ашамыз, қайтамыз деген ой болған. Ауылға кіріп келе жатқанымызда айғай-шу үдеді, бізге қарай бәрі жүгіріп келе жатыр. Бөтен мемлекет болған соң шабуыл жасай ма екен деп қорықтық. Бұл бізге тайпалардың өмір сүру салты таныс болмағанынан шығар деймін. Сол сәтте тұла бойым шымырлап кетті, не күліп жатқанын, не жылап жатқанын білмедім. Бір қарасам, бәрі билеп жатыр. Қуаныш, қайғы, өкініш, сабырға келу, шүкіршілік ету деген сияқты сезімдердің букеті немесе коктейлі пайда болды. Сол кезде камераға әсерімді бөліскім келді, бірақ тамағымда тас тұрғандай түк айта алмай қалдым. Жылағым келді. Бір сөзбен, өте күшті сезімдерді бастан өткіздім.
Бизнеске әсері және танымалдылық
Адамдар таңнан кешке дейін соғыс туралы жаңалықтардан шаршаған сияқты. Шынымен жалығасың ғой, сол кезде бір дәліз пайда болып, соған түсіп қалдық па деген ой келді.
Аяқ астынан пайда болған атақ бізге бір шетінен ұтымды болып отыр. Қазір бизнес туралы кітап дайындап жатырмызз. Түскен ақшаның бәрін қайырымдылыққа жұмсаймыз деген мақсатымыз бар.
Бизнесімізге де пайдасы болады деп ойлаймын. Нарықта көшбасы позициясын алып алдық. «Сен не істедің», «Компанияң не істеді?» деп полемикаға келгенде қызметкерлеріміз мақтанышпен осыны айтады, көрсетеді. Алдағы уақытта жарыққа шығатын кітаптың да сатылымына көмектесетін шығар деп отырмын.
Уганда: билік, қоғам, тұрмыс
Бізде мектепте оқу жағынан ешқандай проблема болған жоқ. Ал Угандада мектепте оқу ғанибет саналады. Көбіне шенеуніктердің балалары ғана оқиды. Балаң мектепте оқыса, болашаққа жолдама алды дегенмен бірдей. Біздің өлшеммен «Болашақпен» оқуға түскенмен тең.
Угандада байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық қатты білінеді. Мұнда кедей шынымен кедей, бай шынымен бай.
Халық саны 47 миллион екен. Уганда — Африка елдерінде соғыс ең аз болған мемлекет сол. Тоталитар режим болған. 1971-1979 жылдардағы президент Иди Амин адамдарды өлтірген, жеген. «Последний король Шотландии» деген фильм бар, осыны көрсеңіз, Уганда туралы түсінік қалыптасады. Иди Амин билік еткен кездегі репрессиядан 300-500 мыңға дейін адам өлген, соның 2 мыңын президент өз қолымен өлтірген. Диктатура әлі күнге дейін сезіледі. Адамдар көшеде мылтықпен жүреді. Бұл қалыпты нәрсе болып есептеледі. Сим-карта сатып алған кездегі тексерістің өзі тыңшыны тексергендей дер едім. Қарапайым нөмір алудың өзі бірнеше этаптан тұрады.
Экономикасы мәз емес, айлықтары теңгемен есептегенде, 18-20 мың теңге. Бұл — орташа жалақы. Мұндай ақшаға қалай өмір сүруге болады деген сұрақ туды. Тәп-тәуір өмір сүріп жатыр, бәрі бақытты.
Біздің жүргізуші темекі шегеді. Темекі сатып алайын десе, таппадық. Денсаулыққа қатты көңіл бөле ме десек, адамдарда сатып алатын ақша жоқ екен. Осыдан соң «біз тым шолжаңбыз ба» деген ой келді.
«Қазағыңды жарылқап алмайсың ба?» немесе хейт туралы
Мұндай сынға мүлдем дайын болмадым. Instagram-да 1,5 мың ғана досым бар еді, қазір жазылғандардың саны 30 мыңнан асты. Бұған дейін видеоларым 800-900 рет қаралса, қазір кейбірін 13 миллионнан астам адам көрген, мыңдаған пікір бар. Кешке үйге барған соң бәріне ерінбей жауап беремін. «Ақымақтық», «атаққұмарлық» деп бағалап жатқандар, «Қазағыңа қарап алмайсың ба», «Неге Қазақстанды жарытып алмайсың?» деп негатив жазатындар бар. Байқағаным — мұндай комментарий жазатындарды өзгелері-ақ сабасына келтіріп жатады екен. Қазақстанда онсыз да мұндай іспен айналысып жатырмыз, тек мұны айтпаймыз.
Хейт айтатындардан «Көмектесіп жатырмын, ал сіз бірдеңе жасадыңыз ба?» деп сұраймын. Жүздеген адамның ішінен біреуі ғана «Жоқ, ақшам болса істер едім» депті. Көңіл-күйі болмай отырған шығар, алдынан дәл осы жазба шығып, алғаш ойына келгенді жазған болар деп түсінікпен қараймын. Шынымен сол жағдайды көрсе, ондайды айтпаушы еді деп ойлаймын. Біздің бұл әрекетімізден рухты адамдар, патриоттар ләззат алды. Өйткені онда Қазақстанның туы болды, Уганданың ауылында қазақша сөйлеп жүрміз.
Қайырымды көке немесе «Брат, 300k салып жіберші»
Осы жағдайдан кейін өзім туралы «бай», «қайырымды көке» образы қалыптасты. Күніне 10-100 адам ақшалай көмек сұрап, хат жазады. Олардың арасында абсурд оқиғалар да бар. Бір әйел хабарласып, «Өте жақсы іс жасаған екенсіз, менің екі балам бар, біреуіне iPhone алып беріп едім, кредитін өтей алмай жатырмын, соны төлеп беріңізші» деді. Енді біреулері «Тұратын баспанам жоқ, бір бөлмелі пәтер алып берсеңіз де, жақсы болар еді» депті. Тағы біреуі «Брат, каспиге 300k салып жіберші» деп жазыпты. «Не болып қалды екен?» деп сұрап көрдім, «Казино ойнаймын деп оқуға төлейтін ақшамнан айырылып қалдым, кейін қайтарып беремін» деп жазыпты. Бәрінен кешірім сұрап, өзімнің қайырымдылықпен айналысатын қор емес екенімді түсіндіруге тырысамын. Өйткені қайырымдылық бойынша өзіміздің мақсатымыз, жоспарымыз бар.