— Қазақстанда 2025 жылға дейін елде 100 мың ІТ маманын дайындап шығару жұмысы қолға алынды. Биыл 60 мың гранттың 60%-і техникалық мамандықтарға бөлінеді. Қазақстанның осы сала нарығында жүрген маман ретінде бұл шешімді қаншалық әділ әрі тиімді деп есептейсіз?
— Беларусьтің World of Tanks компьютер ойыны сол елдің жалпы ішкі өніміне әкелетін табысы ҚазМұнайгаздың Қазақстанға жалпы алып келетін пайдасынан көп. Израиль елінің басты табысы да — ІТ саласы. Бұл қазір күшпен емес, біліммен жарысатын заман екенін көрсетеді. Меніңше, ІТ саласы елімізде көп мүмкіндікке жол ашады, сол себепті бұл салаға ерекше көңіл бөлу орынды.
Жалпы 100 мың ІТ маманы деген көп болып естілуі мүмкін. Дегенмен олардың ішінен үздіктер шықса, жалпы жұмсалған қаражатты бірнеше жобамен-ақ қайтарып тастауы мүмкін.
— Қазақстандағы ІТ нарығының қазіргі деңгейі қандай?
— Негізі Украина, Балтық мемлекеттері, Беларусь, Қазақстан — барлығы бір уақытта егемендігін алды. Бірақ дүниежүзі жаңалықтарында Facebook, Google сияқты ірі компаниялар Беларусьтің жаңа жобасын сатып алғанын немесе украиналық жобаға инвестиция құйып жатқанын естіп жатамыз. Өкінішке қарай, шетелді бағындырған қазақстандық жоба жоқтың қасы. Әрине, мұның да өз себептері бар. Меніңше, біріншіден, Кеңес үкіметі кезінде Балтық мемлекеттері, Беларусь, Украинада техникалық базалар, университеттер, Қазақстан аумағында гуманитарлық бағыттағы оқу-орындары орналасты. Сол уақыттың өзінде бізде инженерлік база болмады. Екіншіден, геополитикалық жағынан бұл мемлекеттер Қазақстанға қарағанда, Еуропаға жақын. Тарихқа сүйенсек, ағартушылық, индустриялық кезеңдер өтті. Кезінде жаңашылдықтың орталығы Лондон болса, қазір ІТ өнеркәсібінің орталығы — АҚШ-тағы Сан-Франциско аймағы. Идеяның көбі сол жақтан шығады, одан кейін Еуропаға, Ресейге, Украинаға, кейіннен Қазақстанға жетіп жатады. Үшіншіден, ІТ саласының дамуына қоғам көзқарасының да әсері бар. Шет мемлекеттердегі ата-аналар бұл бағыттың мүмкіндігін бұрынырақ түсініп, «Менің балам ІТ маманы, программист болса екен» деп армандайтын және балаларын сол салаға бағыттайтын. Бұл түсінік бізге енді ғана келіп жатыр.
Дегенмен «Біздің ел ІТ бойынша артта қалды» деп есептеуге де болмайды. Бұрын адамдар онлайн төлем жасауға, бір зат сатып алуға қорқатын, сенбейтін. Қазір екінің бірі пойыз, ұшақ, кино билеттерін онлайн сатып алады, банкомат картасын сайттар мен мобайл қолданбаларға тіркеп қояды. Мемлекеттік қызмет көрсету орталықтарында да ұзын-сонар кезек жоқ, себебі халық онлайн-қызметке жүгінуді және кезекті онлайн алуды үйренді. Жалпы Egov-тың өзі — көп елде жоқ үлкен платформа.
Негізі Қазақстан нарығында программистерге жақсы жұмыс пен жалақы ұсына алатын компаниялар жетеді. Нарық бар, бірақ өз ісін жақсы білетін маман тапшы.
— Маман тапшылығынан басқа қандай мәселелер бар?
— Мемлекеттің «100 мың IT-маман дайындап шығаруымыз керек» деген идеясын айтып та, қолдап та жатырмыз. Бірақ негізінде еліміздегі кез келген техникалық университетте ІТ мамандығын оқытатынын, оның ішінде ІТ университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Сүлейман Демирель университеті, Astana ІТ университеті, Назарбаев университетінің өзінен жылына шамамен 10-15 мың студент ІТ-ді тәмамдайтынын ескерсек, қалайша әлі күнге дейін 100 мың маманға толмай отыр деген сұрақ туындайды. Бұл проблема бар екенін көрсетеді. Университеттің бәрінде сапалы білім берілмейді, білікті де білімді кадр жетпейді деген сөз. Бұл — бірінші мәселе.
Екіншіден, ІТ мамандығын төрт жыл оқу мерзімін екі жылға қысқартқан жөн деп есептеймін. Студент төрт жыл алған білімі оқуды бітіргенше нарықта өзегін жойып бара жатыр. Себебі күннен-күнге жаңа технологиялар қарқынды дамып жатыр. Мұны қазір Astana ІТ университеті тек 3 жыл оқытуды бастап кетті. Бұл да жақсы.
Үшіншіден, бүгінде ІТ саласына қатысты пропаганда көп. Мысалы «Цифрлық Қазақстан», түрлі қосымша қолдану, ІТ мүмкіндігі арқасында өмірдің жеңілдеуі, әйгілі Билл Гейс туралы мотивациялық фильм, табысы жоғары программистерге қарап, көп адам осы салаға қарай ұмтылады. Бірақ 1,2-курста дәрістерден қиналып, «менікі емес екен» деп оқудан шығып кетіп жатады. Яғни бұл нәрсе адам сұранысқа ғана емес, өз қабілетіне де қарау керек екенін көрсетеді.
Жақында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ІТ маманы санын қалай 100 мыңға толтыруға болатыны жөнінде ақылдасты. Нәтижесінде енді мектеп оқушысы ІТ саласына оқуға түсу үшін физика емес, информатика таңдауы қажет деп шешті. Меніңше, бұл — дұрыс шешім, бірақ оның нәтижелі болуы үшін информатика пәніне тікелей қатысты бірнеше мәселені ескеру керек. Біріншіден, информатика пәніне ден қою оқушының мектепте-ақ ІТ базасын біліп шығуына бағытталған шара екені белгілі. Бірақ, өкінішке қарай, мектептегі мұғалімдердің өзі код жазуды білмейді. Әр мектепте бір кластың 25 баласы бір мезетте қолдана алатындай 25 компьютер жоқ. Ал информатика кітабының мазмұны қаншалық ІТ саласына негізін үйрете алады? Осы мәселелерге мән беру қажет.
Мемлекет ІТ компанияларымен бірлесіп, еліміздің әр мектебіндегі информатика мұғаліміне қол жетімді болатындай онлайн-курстар жасағаны дұрыс шығар.
— Ал қазіргі көршілес Ресей мен Украина елдеріндегі жағдай еліміздегі ІТ саласына зиянын тигізбей ме?
— Әрине, Ресей мен Украина арасындағы соғыс елге дағдарыс алып келуі мүмкін. Дағдарыс кезінде көп кәсіпкер мен өнеркәсіп қаражатын сақтауға, үнемдеуге тырысады. Осыған байланысты қызмет көрсету саласының деңгейі түсіп кетуі ықтимал. Бірақ қазір теңгенің қайта құны өсіп, тұрақталып келе жатқанын байқаймыз.
Ал нақты ІТ саласына Ресей мен Украина жағдайы оң әсер етпесе, атап айтарлық зияны жоқ деп ойлаймын. Бүгінге дейін қазақстандық ІТ маманының көбі шетелде және елде отырып-ақ, шетел компаниясында жұмыс істеп жүр. Бұл екі елге де тиімді. Шетел үшін біздің мамандар арзан еңбек ресурсы болса, біздің елге сырттан ақша келіп жатыр. Ал Ресей мен Украина арасындағы соғысқа келсек, меніңше, Ресейге салынған санкциялардан кейін ондағы білікті мамандар басқа елге қоныс аударуға тырысады. Өте біліктілер АҚШ, Еуропаға, орта деңгейдегілер Қазақстанға көшіп келуі мүмкін. Себебі оларға Қытайдың нарығына араласып кету сәл қиынға соғады, оған қарағанда ең жақын шекараласып жатқан Қазақстанға келу ыңғайлы. Бұл еліміздегі кадр жетіспеу мәселесін шешуге, бәсеке орнатуға, сапаны арттыруға оң әсерін береді. Сонымен бірге батыс елдерінен Қазақстан жобаларына инвестиция келуі де ықтимал.
— ІТ компаниясының басшысы ретінде маманды жұмысқа қабылдағанда неге мән бересіз? Болашақ мамандарға қандай кеңес бересіз?
— ІТ-дің сан түрлі саласы бар. Біз оның тек бір бағыты бойынша жұмыс істейміз. Ол — мобайл қолданбалар мен фунцкционалды сайттар жасау. Мәселен, бізде бір жобаны орташа есеппен бес адам жасап шығады. Олар: жоба басқарушы, дизайнер, Android және iOS жүйесімен жұмыс істейтін әзірлеушілер, сервис әзірлеуші. Бұған қоса, қажет жағдайда қосымша мамандармен жұмыс істейміз, олар кәсіби-техникалық қабілетке ие болуы керек.
Сонымен бірге мамандар топпен жұмыс істей алуын талап етеміз. Себебі айтып кеткенімдей, бір жобаға бірнеше адам ат салысады. Әрқайсының жұмысы әртүрлі, тіпті бірінің ісін бірі түсінбеуі мүмкін. Соған қарамастан, маман командамен жұмыс істей білуі, коммуникация орнатуы, жобасын сата білуі керек. Оған қоса ағылшын тілін білуі артық етпейді. Себебі көп ақпарат ағылшын тілінде. Логикасы мықты болғаны маңызды әрі сыни көзқарасқа ие болғаны дұрыс.