Тағылымдамалар

Tesla тағылымдамасы

Tesla компаниясы IT және инженеринг факультетінің студенттері мен сол салада жоғары білімі бар мамандарды жазғы және күзгі тағылымдамадан өтуге шақырып отыр. Компанияның ресми сайтында Information Technology&Engineering бағытындағы тағылымдаманың 95 түрі жарияланған.

Шетел студенттерінің халықаралық компанияда жұмыс істеуге рұқсаты болуы керек. Студент кемінде аптасына 40 сағат жұмыс істей алуға тиіс. Кейбірі академиялық үлгеріміне байланысты толық емес жұмыс күнімен шектеледі.

Тағылымдаманың көбі биыл мамыр немесе маусым айында басталып, күзге дейін (тамыз, қыркүйек) жалғасады. Кейбірі биыл тамызда немесе қыркүйекте басталып, желтоқсанға дейін немесе 2023 жылғы көктемге дейін жалғасады.

Оған қатысушы кемінде 3 ай толық толық жұмыс күнін өтеуі керек.

Тағылымдаманың көбі Кремний алқабында (АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Франциско шығанағы аймағының оңтүстік бөлігі, компаниялар мен халықаралық жоғары технологиялық корпорациялардың, соның ішінде Apple, Facebook және Google-дің штаб-пәтері орналасқан) болады. Оның кейбірін қашықтан да өтуге болады.

Tesla тағылымдамада таланты мен білігін көрсете білген IT-маманға жалақысы жоғары әрі карьерасы өсетін қызметке орналастыруға кепіл болатынын хабарлаған.

Біздің компанияға келсеңіз, кофе тасып, қағаз көшірмесін жасап жүрмейсіз. Оның орнына Tesla-ның миссиясын орындауға үлес қосып, жетістікке жетуіне маңызды шешімдер қабылдауға атсалысасыз, — делінген хабарламада.

Сонымен бірге мүгедектігі бар азаматтардың жағдайы ескерілетінін жазған. Бұл туралы әңгімелесу кезінде ескертілуі керек.

IT және инженеринг бағытындағы 95 тағылымдаманың тізімін мына сілтемеден көріп, өтініш бере аласыз.

Қосымша ақпаратты [email protected] поштасына жазып, сұрауыңызға болады.

Microsoft тағылымдамасы

Microsoft компаниясы АҚШ, Ұлыбритания, Канададағы бірқатар филиалында студенттерді тағылымдамадан өткізбекші.

Үміткер бакалавриат, магистратура, MBA, PhD бағдарламаларының бірінің күндізгі бөлімінде оқуы керек:

  • Engineering (Software Engineer, Program Manager, Product Planning, Programmer Writer, Technical Writer, Services Engineering)
  • Hardware Engineering
  • UX Design
  • Supply Chain
  • Data and Applied Science
  • IT Operations.

Тағы бір талап – студент тағылымдамадан өткен соң оқу орнына барып, кем дегенде бір семестр оқуы керек.

Microsoft тағылымдамадан өтушіге жоғары жалақы мен жол ақысы төленетінін хабарлады.

Тағылымдама өтуге болатын мекенжай мен толық ақпаратты мына сілтемеден біліп, өтініш жіберуге болады.

Amazon тағылымдамасы

Бакалавр, магистр немесе PhD дәрежесін алған IT-мамандарға, студенттерге Amazon-ның дүниежүзіндегі кез келген филиалынан тағылымдамадан өтуге болады.

Техникалық тағылымдаманың көбі жазда өтеді, 12-16 аптаға дейін созылады.

Тағылымдама саласы мен мекенжайын мына сілтемеден таңдап, әрқайсысына жеке-жеке өтініш беру қажет.

Байқаулар

Coins Grand Challenge байқауы

Дедлайн: 31 мамыр

Coins Grand Challenge байқауына қоршаған ортаны жақсартқысы келетін стартаптар, кәсіпкерлер мен көшбасшылар қатыса алады. Байқау жаһандық мәселелерді шешуге және қоғамның дамуына үлес қосатын жаңа идеялар мен инновациялық шешімдерді іздеуге бағытталған.

Байқаудың 2 санаты бар: жаңа технологиялар және көшбасшы.

Байқауда жеңгендердің жобасы қаржыландырылады. Олар гранттар мен ақылы тағылымдамаларға қатысуға мүмкіндік алады, индустрия көшбасшыларымен кездеседі.

Финалистердің жол-көлік шығыны өтеледі.

Байқауға қатысу үшін профиль толтырып, онда байқаудың түрін (Undergraduate немесе Open) таңдап, проблеманы (жаңа технологиялар немесе көшбасшылық) көрсету қажет. Сонымен бірге онда идеяны ағылшын тілінде 800-1000 сөзбен жазуыңыз немесе 3-10 минутық видеомен айтып беру қажет.

Идея индустрияда жүзе асыруға болатын, мәселенің шешімі болғаны жөн.

Қатысушыларға қойылатын талаптар:

  • кез келген елдің немесе ұлттың азаматы қатыса алады;
  • ағылшын тілін білуі керек;
  • студенттер (бакалавриат, магистратура), ЖОО түлектері, жас кәсіпкерлер, стартаперлар индустрия саласындағы мамандар қатыса алады;
  • жасы 18 жастан асуы керек;

Финалға өткен үміткердің АҚШ-қа визасы болуы керек.

Толық мәліметті ресми сайтынан білуге болады.

Create the Future байқауы

Байқауға стартаптар, инженерлер, дизайнерлер қатыса алады. Create the Future мақсаты – инженеринг саласындағы инновацияларды ынталандыру.

Байқауға қатысу үшін:

  • Өтінішті толтыру және жобаның кем дегенде бір фотосын жүктеу.
  • Байқау санатының бірін таңдау:

— космонавтика және қорғаныс;
— автомобиль/транспорт;
— электроника / датчиктер / IoT техника;
— автоматтандыру / робототехника;
— медицина.

  • Иновациялық өнімнің қайда өндірілетіні және қайда қолданылатыны туралы ағылшын тілінде сипаттама (500 сөзге дейін).
  • 1-3 көрнекі сурет жүктеу (PDF, GIF, JPEG, PNG, немесе EDRW форматында).

Бас жүлде – 20 000 АҚШ доллары.

Әр санатта 1-орын алған қатысушы HP компьютеріне немесе планшетіне ие болады.

Байқауға IT, иновациядан хабары бар кез келген азамат қатыса алады. Жасы, ұлты, мекенжайы бойынша шектеу жоқ.