Елде қант тапшылығы бар ма? Вице-министр жауап берді

Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай мәлімдеді.

Бүгінгі таңда республика бойынша қант қоры — шамамен 90 мың тонна. Сауда нүктелерінде, тұрақтандыру қорларында, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ сақтау объектілерінде және мемлекеттік материалдық резервте шамамен 42 мың тонна, қант зауыттарында – шамамен 47 мың тонна бар, — деді спикер орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, зауыттар республиканың ай сайынғы тұтынуын (шамамен 44 мың тонна) ескере отырып, шамамен 50 мың тонна өндіре алады, яғни зауыттар республиканың қантқа деген қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

«Азық-түлік корпорациясы» АҚ қазіргі уақытта өтінімдер бойынша қант қабылдауды және өңірлерге сатуды жүргізеді. Қазақстан кондитерлері қауымдастығының деректері бойынша, кондитерлік фабрикалар да таяу уақытта қанттың қажетті көлемімен қамтамасыз етілген.

ЕЭК кеңесінің шешімімен Қазақстан Республикасына ақ қант пен құрақ шикі қантын 250 мың тонна көлемінде бажсыз әкелу құқығы берілді. Қантты әкелуге арналған квоталардың қорлары мен көлемін ескерсек, республика қантпен толық қамтамасыз етілген, — деді Жеңіс Өсербай.