Қысқы киім-кешек пен заттарды жинау

Киім-кешекті жинамас бұрын оларды іріктеуге кеңес беремін. Өзіңізге «Бұл затты осы жылы кидім бе», «Келесі жылы қолданамын ба?» деген сауалдарды қойыңыз. Алдағы уақытта оны қажет деп шешсеңіз, жуып, тазалаңыз. Себебі кез келген киімге парфюм, май, тер, тамақ иісі сіңіп қалуы мүмкін. Қазір сізге байқалмағанымен бірнеше айдан кейін дақтар пайда болады. Кейін оны кетіру қиынға соғады.

Жуып болған соң жинап қойыңыз, бірақ киім-кешекті полиэтилен пакеттерге, химиялық тазалауға арналған қаптарға және пластик ыдыстарға салмаңыз. Өйткені біраз уақыттан соң ауа жоқ жерде сақталған заттарда жағымсыз, көгерген иіс пайда болады.

Ал қолданбайтын, бірақ таза әрі жарамды киім-кешек, аяқ-киім, сөмкеңізді түрлі қайрымдылық ұйымына немесе мұқтаж отбыларға беруіңізге болады. Мысалы «Тепло», «Делай доброе дело», «Клуб добряков» қорларына және second hand сияқты киім қабылдайтын дүкендерге апаруға болады.

Ескерту! Үйдегі ескірген немесе бұзылған смартфон, ноутбук, батарея, тоңазытқыш, шам сияқты электрон қалдықтарды тастамаңыздар, себебі олар қоршаған ортаға өте қауіпті. Жарылып кетуі мүмкін. Үйде құрғақ жерде тұрғаны абзал. Егер сізге кедергі келтірсе, Util.kz қызметімен байланыссаңыз, үйіңізден электрон қалдықтарды алып кетеді.

Сонымен бірге Алматыда «Сарай» сервисі бар. Олар арнайы жүк көлігімен келіп, сізге қажетсіз, бірақ қолдануға жарамды киім-кешек, техника, ыдыс-аяқ, құрылыс материалдарын алып кетеді. Кейін мұқтаж адамдарға береді. Сервис қызметі — тегін. Қажетсіз затыңыз аз болса, оны Тұрар Рысқұлов 103/6 мекенжайына апаруңызға болады.

қысқы киім
Фото: Citydog.by

Үйді жинау және тазалау

Үйіңізді толық жинаңыз. Әдеттегі тазалық кезінде көзге көрінбейтін, жиналмай қалатын шкафтың үстін, ауыр төсектің астын, терезені сүртіңіз. Экологияға зиян келтірмес үшін химиялық сұйықтарды қолданбауға немесе аз қолдануға тырысыңыз. Себебі ол сіздің ағзаңызға да, қоршаған ортаға да зиян. Кей затты жай сумен жуудың өзі жетеді.

уборка
Фото: Masteraklininiga

Қоршаған ортаны тазалау

Наурыз мейрамы қарсаңында арық тазалау, бұлақтың көзін ашу — ең негізгі істің бірі. Өкінішке қарай, Алматыда ластанған жер көп. Бұл проблема басқа қалаларда да кездесуі мүмкін.

Кез келген адам қоршаған ортаны жақсартуға үлесін қоса алады. Мысалы, өзіңіз немесе бірнеше адаммен бірігіп ауланы, көше бойын және арықтардың ішіндегі қоқыстарды тазалауыңызға болады. Сонымен бірге Recycle birge, KAZWASTE, ECOJER, Plastnet, Taza qala сияқты ұйымдардағы экобелсенділердің қатарына қосылуға мүмкіндігіңіз бар.

Көп адам жиналып, үлкен сенбілік ұйымдастырғыңыз келсе, өзіңіз тұратын қаланың әкімдігінен рұқсат алуыңыз керек.

Қоршаған ортаны тазалау пайдалы. Өзімізге таза орта, ауа қалыптастырып қана қоймай, кішкентайларға үлгі бола аламыз.

сенбілік
Фото: Vedtver.ru

19 наурызда Алматының қай жерлерінде сенбілік өтеді?

Алматы әкімдігі тұрғындарды 19 наурызда Birge – taza Qazaqstan республикалық акциясы аясында жалпы қалалық сенбілікке қатысуға шақырады. Сенбілікке 2 000-нан астам коммуналдық қызмет жұмысшысы мен 400-ден астам арнайы техника шығады.

Уақыты: 09.00-12.00 аралығы

Сенбілік кезінде қала аумағы, рекреациялық аймақтар, саябақтар, скверлер, аулаларды, сонымен бірге сауда объектілеріне, қоғамдық тамақтану орындарына және басқа ұйымдарға іргелес аумақтарды тазалау, ағаш отырғызу жоспарланған.

Қоқыс салынған қаптарды жол жиегіне қою ұсынылады. Оларды қаланың коммунал қызметтері алып кетеді, — деп жазды Алматы әкімдігі.

Қала аудандары бойынша сенбілік өтетін  орындар тізімі:

1) Алатау ауданында «Сосновый бор» экопаркінде жаппай ағаш отырғызу және іргелес жасыл аймақтар аумағы;

2) Алмалы ауданындағы Сайран көлінің шығыс жағалауы;.

3) Әуезов ауданындағы Сайран көлінің батыс жағалауы;

4) Бостандық ауданындағы Абай даңғылының бөлу жолағы;

5) Жетісу ауданындағы «Гүлдер» саябағы;

6) Медеу ауданындағы Речка Казачка көшесі «Восточка» тұрғынүй кешенінің арты;

7) Наурызбай ауданындағы №7 ҚКА-ның іргелес аумағы және Абай даңғылының бойымен Алатау даңғылының шығысына қараған тұсы;

8) Түрксіб ауданындағы Петрозаводская және Майлин көшелеріндегі жыраларда өтеді.