Қазақстанда дау-дамайлар мәмілеге келу арқылы көп шешілетін болған

Жақып Асановтың айтуынша, былтыр аудандық соттар шығарған 1,2 миллион сот шешімінің 1,4%-і немесе 17 мың істі жоғарғы сатыдағы соттар кері қайтарған немесе өзгерткен.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істей бастаған әкімшілік соттардың қызметі туралы мәлімет берілді. Жарты жылда соттарға 14 мың талап арыз түскен. Мемлекеттік органдар әрбір екінші істе ұтылған. Бұрын қаралған істердің 85%-і мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін, — делінген Ақорданың хабарламасында.

Президентке дауларды шешудің баламалы тәсілдері туралы баяндалды. Әкімдіктермен бірлесе отырып, жергілікті жерлерде соттан тыс медиация орталықтары құрылған. Соттар дау-дамайлардың мәмілеге келу арқылы шешілуіне көмектеседі. Бұрын тараптардың тек 3%-і ғана татуласса, қазір бұл көрсеткіш 34%-ке жеткен.

Жоғарғы сот төрағасы қылмыстық сот төрелігі саласында да ахуалдың өзгеріп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, соттарда кінәлауға бейім тұру ісі тыйылып келеді. Кейінгі 4 жылда ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ақталғандар саны 7 есе (жылына 20-30-дан 200-ге дейін) көбейген.