Ақтөбе әуежайында ұшу-қону жолағы уақытша жабылады

Хабарламаға сәйкес, 9 наурызда әуежайда ұшу-қону жолағының жағдайына тексеру жүргізілген.

Тексеру кезінде ұшу-қону жолағынан ақаулар шықты, аэродром тақтайшаларының, жоңқалардың, мастиканың қабыршақтарының аршылғаны анықталды. Белгіленген талаптардың сақталмауын, сонымен қатар азаматтардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басымдықты ескере отырып, Қазақстанның авиация әкімшілігі 2022 жылғы 17 наурыздан бастап Ақтөбе аэродромының ұшу-қону жолағын пайдалануды ақаулар жойылғанға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Ал Ақтөбе облысының әкімдігі аэродром тақтайшаларын ауыстыру мен жөндеу жұмыстарын тез арада қаржыландыруға әзір,- делінген хабарламада.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Ақтөбе әуежайынан 5 бағытқа (Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау және Түркістан) аптасына 52 ішкі рейсті, басқа елдердің төрт қаласына аптасына 9 рейс ( Стамбул, Тбилиси, Қазан, Нөкіс) орындайды.