«Cамұрық-Қазына» реформасы: 44 делдалмен шарт бұзылады

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамын реформалау барысы жөнінде басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев есеп берді. Ол сатып алу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету, мұнай, газ өңдеу, көмір және электр қуатын өндіру мен олардың маркетингі нарығының қатысушылары үшін кедергілерді жою сияқты бағдарламаның негізгі басымдықтарын айтты.

Сонымен бірге кадрлық саясат қайта қаралып, басқару персоналы оңтайландырылған. «ҚазМұнайГаз», «Эйр Астана», KEGOC, QazaqGaz акционерлік қоғамы сияқты компаниялар IPO-ға шығарылады. Соның арқасында «Самұрық-Қазына» ұлттық қорға 500 миллиард теңге бөле алады.

Бағдарлама бойынша 8 миллиард АҚШ долларынан астам сапалы инвестиция тарту, жалпы құны 4 триллион теңгеге жаңадан 24 өндіріс орнын ашу және 5 000 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Әрбір портфельдік компания үшін қызметтің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірленіп, жеткізу бағдарлары оңтайландырылады, сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылданады. Мысалы, қор кәсіпорындарына электр қуатын жеткізу үдерісіне қатысатын 44 делдалмен арадағы шартты бұзу жоспарланып отыр. Осы шаралардан кейін экономикалық тиімділік биылдың өзінде 2 миллиард теңгеден асады.