Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Nur Otan партиясының атауын Amanat деп өзгертуді ұсынды.
Біз жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін сіздің бастамаңызбен ауқымды жобалар қоға алынып жатыр. Оның барлығы жұрттың мақұлдауына ие болды. Себебі жасалып жатқан жұмыстар халықтың мүддесін көздейді. Ашығын айтқанда, елімізбен бірге партияның да жаңғыруы қажет. Ұйымның идеолгиясын жаңа мазмұнмен толықтырып, тиімді жұмыс тәсілдерін енгізуіміз керек. Осы орайда партияның табиғатын да, да атауын өзгертіп, жаңартуымыз керек деп есептейміз… Бұл мәселе алдын ала жан-жақты талқыланды. Партиямыз Amanat деген атауға лайық деген тоқтамға келдік. Бабалырымыз бізге Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін ұлан ғайыр жерді қалдырды. Осы ел мен жерді бізге ата-бабаларымыз аманат етіп табыстады. Енді оны біз келер ұрпақтарға лайықты аманаттауға тиіспіз, — деді Қошанов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия атауын өзгерту туралы пікірталасқа қатысқанын, бірнеше ұсыныстың ішінен Amanat деген атауға тоқталғанын айтты.
Саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады,- деді президент.
Оның айтуынша, «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді.
Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша делегаттар партия атауын Amanat деп атауды қолдады.
Айта кетейік, Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі барысында партияның саяси кеңесі құрамы да өзгерді.