Қазақстанның cыртқы істер министрлігі және еліміздің Украина, Польша, Молдова, Беларусь пен Ресейдегі дипломатиялық мекемелері қазақстандық азаматтарды Украинадан отанына қайтаруды ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Украина мен Польшаның мемлекеттік органдарымен жасалған уағдаластықтар аясында Қазақстанның 80 азаматы үшін визасыз және ПТР тестілеусіз шекарадан өтеді және олар эвакуациялық рейсті күту үшін Катовице қаласында (Польша) орналастырылды. Бұған қоса, 260 отандасымыз қазақстандық дипломаттармен бірге Украина-Польша шекарасында тұр және оны өту үшін өз кезегін күтіп отыр. ҚР дипөкілдіктерінің қызметкерлері Украина және Польша тараптарының шекарасында орналасқан және туындаған мәселелерді шешу үшін жұмыс істеп жатыр. Министрлік отандастарымызды Польшаға тезірек жеткізу және әрі қарай оларды Қазақстанға апару үшін барлық қажетті шараны жасап жатыр, — делінген хабарламада.
Украинадағы Қазақстан азаматтарының өтініштері үшін Қазақстанның Киевтегі елшілігінде және Қазақстанның сыртқы істер министрлігінде «жедел желі» ашылғанын, бұл жұмысқа Днепр, Львов, Одесса мен Харьков қалаларындағы ҚР құрметті консулдары жұмылдырылғанын еске салды. Киевтегі ҚР елшілігі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр және бүгінде дипломаттардың көмегімен Қазақстанға оралғысы келетін тұлғалардан 631 өтінішті тіркеді.
Алғашқы репатриациялық рейс 27 ақпанда ҚР азаматтарының негізгі бөлігі Катовицеге келгеннен кейін орындалады деп күтіліп отыр. Алдағы уақытта басқа да репатриациялық рейстер ұйымдастыру жоспарланған.
Осыған байланысты Украинаның әртүрлі қаласындағы қазақстандықтардан Қазақстан Республикасының Киевтегі елшілігіне хабарласуды және өзінің орналасқан жері туралы хабарлауды сұраймыз. Мүмкіндік болған жағдайда Польша шекарасына дейін жету үшін Львов немесе Киевке өз күшімен баруды ұсынамыз. Жол-көлік жағдайының күрделі болуына және Украинадағы әскери әрекеттердің жалғасуына байланысты бұл қиындық тудыруы мүмкін. Мұндай жағдайда өздеріңіз орналасқан мекендеріңізде қалуды, ҚР елшілігімен және құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды сұраймыз. Жағдай анықталғаннан кейін азаматтарымызға барлық қажетті көмек көрсетіледі, — делінген хабарламада.
Бұдан қоса, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Украина аумағында қалған ауыр жүк тасушылардың жүргізушілері — ҚР азаматтары туралы ақпарат жинау бойынша қажетті жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.