Талғардағы жемқорлық: Бозымбаев ауданды бақылауына алды

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінен өңірдегі жемқорлыққа байланысты ақпараттармен таныспын. Мен Талғар ауданының қазіргі әкімінің жұмысынан заңға қайшы іс-әрекет байқамадым, – деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Қанат Бозымбаев кейінгі 4 жылда Талғар ауданы басшыларының заңды бұзып, жерді негізсіз сату деректері бойынша қызметінен кеткенін еске салды.

Облыс әкімі осыны ескеріп, Талғар ауданын өз бақылауына алатынын айтты.

Еске салайық, Талғар ауданының бұрынғы әкімі Серікжан Ерекешев былтыр желтоқсанда сотталып, оған 59,4 миллион теңге, Талғар ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асқар Шамаевқа 29,7 миллион теңге айыппұл салынды.

Айыпталушылар жауапкершілігі шектеулі серіктес директорынан сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы бойынша орындалған жұмыс актілеріне қол қойғаны үшін 2 миллион теңге сомасында пара алған.