Конституциялық нормаларға сәйкес, орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне кандидатураны палата төрағасы ұсынады.
Осы құқықты пайдалана отырып, орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне Шавхат Өтемісовтің кандидатурасын ұсынамын. Шавхат Әнесұлы еңбек жолын ауылдық мектептік мұғалімінен бастап, аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. Ұзақ жылдар мәжіліс депутаты болып, заң шығару ісіне белсенді атсалысты. Осыған дейін экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аппаратының басшысы болып жұмыс істеп келді. Оның біліктілігі мен мемлекеттік қызметте және парламентте жинаған мол тәжірибесі орталық сайлау комиссиясының жұмысына тың серпін береді деп сенемін, — деді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Осы орайда шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданып, палата депутаттары бұл шешімге қолдау білдірді.
Шавхат Өтемісов 1963 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1985 жылы Александр Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын, 2000 жылы президент жанындағы мемлекеттік қызмет академиясын аяқтаған.
Айта кетейік, сенаттың жалпы отырысында орталық сайлау комиссиясы мүшесі Серік Сыдықовтың өкілеті тоқтап, қызметінен босатылды.