Дегенмен атауымен бірге ілесе келген мына бір жаңа сипатты байқамау мүмкін емес – Отбасы банк елге ұсынатын қызметтерін цифрландыруда аз уақыт ішінде үлкен трансформациядан өтті. Басқаша айтқанда өз интернет-банкингі, мобильді қосымшасы, тұрғын үй маркетплейсі, онлайн-ипотекасы, зейнетақы жинағын пайдалануға болатын жеке платформасы, тіпті блокчейн технологиясын енгізген жобалары бар экожүйе құруға көшті.
«2021 жыл цифрлы өзгерістер кезеңі болды. Біраз уақыт бұрын қызметтерімізді біртіндеп онлайн-режимге ауыстыруды бастап кеткен болатынбыз, алайда коронавирус тудырған пандемия мен жұрттың жаппай қашықтан жұмыс істей бастауы бұл процесті жылдамдатып жіберді:салдарынан банк клиентті жоғалтпай жұмысын басқаша атқарудың қамын қылды. Нәтижесінде қазір операциялардың көпшілігін қашықтан, онлайн, банк кеңсесіне келмей-ақ алуға болады», — дейді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
2021 жылы банк онлайн құралдарды пайдалануда барынша белсенді болды. Интернет-банкинг пен мобильді қосымша жұмысы да қызды. Оған бөлімшеге бармай, онлайн қызметтерді осы платформаларда қолданған екі миллионнан астам клиенттің тәжірибесі дәлел. Бір жыл ішінде қолданушылар Отбасы банкінің 5,8 млн онлайн-операциясын алыпты. Оның қатарында жинақ шотын ашу (65%), депозит толықтыру немесе несие өтеу, сондай-ақ автотөлем қосу секілді сервистер бар. Айтпақшы, өткен жылы рәсімделген су жаңа депозиттердің үштен бірі видео-банкинг немесе интернет-банкинг көмегімен ашылған екен.
Отбасы банк онлайнда не ұсынып отыр?
Қаржы ұйымының клиенттерге ұсынатын онлайн-сервисінің бәрі қызметтерді қашықтан және жылдам алуға арналған. Мәселен:
- Депозит ашу және толықтыру, шоттың және қарыздың бар екендігі туралы анықтама алу, депозит шарттарын өзгерту, шоттарды біріктіру, заемның бір бөлігін немесе толықтай уақытынан бұрын жабу және басқа операцияларды мобильді қосымшаның немесе интернет-банкингтің көмегімен жүргізуге болады.
- Кеңсеге бармай-ақ банк кеңесшілері арқылы заем бойынша алдын-ала мақұлдау ала аласыз. Осы мақсатта 1700 маман жұмыс істейді. Несие бойынша берілетін сома көлемі алдын-ала мақұлданған соң екі ай ішінде асықпай пәтер таңдауға болады. Айтпақшы, кеңесшілер тек соманы анықтауға ғана емес, депозит ашуға, несие өнімін беруге де көмектесе алады.
- Baspana Market маркетплейсінде тұрғын үй салушылар ұсынған нұсқадан немесе қолданыста болған пәтерлердің арасынан бірін таңдауға, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтініш беру мүмкіндігі бар. Қолданушылар бұдан бөлек порталда аз уақыт ішінде өзінің үйін сататыны туралы хабарландыру қалдыра алады. Айтпақшы, күн сайын бұл маркетплейске бес мыңдай адам кіреді екен. Оның 53%-і – 25-34 жас аралығындағы жас қазақстандықтар. Сондай-ақ құрылыс компаниялары жеке кабинетті қолданып, нысанның сипаттамасын және фотосуреттерін жүктей алады. 2021 жылдың тамызынан бері «Өз үйім» бағдарламасы бойынша 60 шақты нысан және 190 хабарландыру жарияланыпты. Бір сөзбен айтқанда, екі миллион қолданушы көлемінде базасы бар Baspana Market үй сатып алуға да, сатуға да қолайлы орын болып тұр.
- Baspana Market арқылы ипотеканы онлайн рәсімдеуге болады. Бұл бағытта банк фиджитал технологиясын қолданатынын, яғни онлайн-ипотека арқылы несие алуға видео-кеңесші көмектесетінін айтады. Кеңесші сізбен тікелей әңгімелесіп отырып, кредитті қалай дұрыс рәсімдеуге болатынын көрсетіп, бағыт-бағдар сілтейді. Осының арқасында банкке әлденеше рет емес, заем шартына қол қою үшін екі-ақ рет барасыз.
- Блокчейн технологиясы бойынша жеке тұлғалар жылжымайтын мүлік кепілі шартын тіркей алады. Кепіл шартымен otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетте танысуға болады. Қолды да сол жерде ЭЦҚ арқылы қоясыз. Мемлекеттік тіркеу туралы құжат eGov порталындағы жеке кабинетіңізге келеді. Осы қызметтің арқасында банк клиенттері жылжымайтын мүлік кепілі шартын тіркеу мерзімін үш күннен бір күнге дейін қысқартып, жылдам алып жүр.
- Жеткілікті шектен асқан зейнетақы жинағын арнайы платформа көмегімен депозитке аударуға болады. Қаржы ұйымы берген мәліметке сүйенсек, бұл сайтта 558 642 азамат екі триллион екі жүз миллиард теңгеден астам қаржының операциясын жүргізіпті. Осы ретте зейнетақы жинағын бастапқыда Отбасы банк арқылы тек үй сатып алуға, несие өтеуге немесе емге қолдануға берілгенін, алайда 2021 жылдың 16 желтоқсанынан бастап қазақстандықтар аталмыш қаржы құрылымындағы өз депозиттерін толықтыру мүмкіндігіне ие болғанын атай кету керек. Яғни зейнетақы шотыңыздағы қаражатты тиімді пайдаланамын десеңіз, алайда жеткілікті шектен асқан сома үй алуға жетпей тұрса, салым толықтырып, мақсатыңызға бір табан жақындай түсе аласыз.
«Жалпы, ENPF-OTBASY.KZ платформасын сырттан ешкімді шақырмай, екі жарым айдың ішінде өзіміз жасап шықты. Бұл үшін банк аутсорсингке бір тиын да құртпады. Бұл сөзді банк атауының өзгеруіне қатысты да қолдана аламыз. Ешқандай жарнама кампаниясы жүрген жоқ. Зейнетақы жинағын қолдану мүмкіндігі және порталдың іске қосылуының арқасында қазақстандықтар жаңа атауға жылдам үйренді», — дейді қаржы институы.
Цифрландыру қандай нәтиже беріп отыр?
2021 жылы Отбасы банк берілген несие бойынша рекорд орнатыпты: онлайн-форматтың арқасында барлығы 82 252 заем рәсімделген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсіп отыр: 2020 жылы 51 926, ал 2019 жылы 50 300 берілген болатын.
Жалпы, өткен жылы Отбасы банктің қазақстандық ипотекадағы үлесі 66%-ды құрады. 633 352 жаңа депозит ашылды. Депозит қоржынының жалпы сомасы 1 509 092 млн теңгеге тең. Барлығы қазір 2,2 млн депозит бар.
Банктің мұндай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне цифрландыру көп көмектесіп отыр, себебі диджитал-құралдардың арқасында қазақстандықтар баспаналы болу процесіне қатысты операцияларды қашықтан жылдам, ыңғайлы жолмен алу мүмкіндігіне қол жеткізді.
2022 жылы Отбасы банк цифрландыру бағытында жаңа сервистерді енгізіп, дамытуды және клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыруды жоспарлап отыр. Мәселен, жақын арада хабарландыру жариялау автоматты түрде жүруі үшін Baspana market платформасында ірі құрылыс компаниялармен интеграция орнатылмақ.
Сондай-ақ жалпы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне деген сенімнің артуын да атай кету керек: жылдық үстемақысы 3,5-5% аралығындағы ипотеканы басқа бірде-бір банк ұсына алмайды.