Соңғы уақытта Отбасы банкіне артылған цифрлық міндеттер көбейіп барады. Бір ғана мысал келтірейік. Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануды алғашқы болып осы қаржы ұйымы жүзеге асыра бастады. Тиісті нормативті-құқықтық актілерге үкімет қол қойған соң банк мамандары бар болғаны екі жарым ай ішінде өз күшімен enpf-otbasy.kz платформасын жасап шыққан болатын.

Портал іске қосылған күні-ақ 11 мыңнан астам адам өтінім берді, ал бір жыл ішінде 567 мыңнан көп азамат жеткілікті шектен асқан зейнетақы жинағын осы ресурс арқылы пайдалана алған. Олардың 90%-ке жуығы қаражатын үй сатып алуға жұмсапты. Бұл ипотеканың дамуына оң әсер етті және Отбасы банк командасын Baspana Market маркетплейсін әзірлеуге, цифрлы ипотека қызметтерін кеңейтіп, видеокеңесші жұмысын жетілдіруге ынталандырды.

Бұл айтылғанның бәрі Отбасы банкінің IT-департаментіне жүктелген міндеттердің көп, сан алуан және күрделі екенін білдіреді. Болашақта жұмыс көлемі тіпті де арта түспек. Яғни қаржы ұйымында білікті айти-мамандарға деген сұраныс жоғарылай береді.

«Тәжірибелі қызметкерлердің өте қымбат тұратынына, ал жастардың әлеуетін бағалау күрделі екеніне көз жеткіздік. Алайда біз жас мамандардың жылдам күш алып, қойылған тапсырмаларды дұрыс орындауға қажыры жететінін түсінеміз, сондықтан бізге бұл топпен жұмыс істеу қызықты», — дейді Отбасы банк цифрлы трансформация департаментінің директоры Евгений Герцен.

Бұл бағыттағы қаржы ұйымы қабылдаған шешімдердің бірі – «ШАГ» компьютер академиясымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қою.

«Серіктестік орнағалы бері Отбасы банкінде біздің 10 студент тағылымдамадан өтті. Кейбіреуі жұмысқа қабылданды. Академияның бұл келісімнен ұтар тағы бір тұсы бар: ол – Отбасы банк секілді ірі компания қызметкерлерінің бізде спикер, хакатонда тапсырыс беруші және ментор болуы», — дейді «ШАГ» компьютер академиясындағы мансап орталығының менеджері Алена Лобанова.

Жас мамандарға қиындық тудыратын мәселенің бірі – тәжірибенің жоқтығы. Сол себепті ынтымақтастық аясындағы Отбасы банк міндеттерінің бірі – жыл сайын студенттерді тағылымдамадан өткізіп тұру.

Цифрлы технологиялар департаментіне келген академия оқушысы ойдан шығарылған әлдебір тест тапсырмаларды орындамайды, керісінше банктің бағдарламалаушыларымен бірге IT-департаментке қойылған өзекті тапсырмаларды орындауға кіріседі.

«Уақыты келгенде біздің қызметкерлер студенттерге менторлық көрсете бастайды, яғни аяқталған жұмысты тексереді, жүзеге асырады. Басқаша айтқанда, оқу барысында-ақ жастар қандай тапсырмалармен бетпе-бет келетінін түсінеді, себебі басқа банктерде де мамандар біздікіне ұқсайтын жобаларды орындайды. Ал біз, біріншіден, тағылымдамадан өтуге келген студенттердің арасынан үздігін іріктеп алып, оған оқу біткен соң жұмыс ұсына аламыз. Екіншіден, жастар тағылымдама немесе хакатон кезінде шын тапсырмаларды орындайды, бұл департаментіміздің уақыты мен ресурсын аз да болса үнемдейді, осының арқасында күшімізді күрделі жобаларды жүзеге асыруға бағыттай аламыз», — дейді Евгений Герцен.

Тағылымдама аяқталған соң банкте жұмыс істеп қалған мамандар қазірдің өзінде бар. Соның бірі  — Наиль Рахматтуллин.

«Негізі, жоғарғы оқу орнында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын алғам. Бірақ ұстаздарға деген қарым-қатынасты, олардың алатын жалақысын, атқаратын жұмыс көлемін көріп, басқа салаға ауысу туралы шешім қабылдадым. Досым «ШАГ» академиясына баруды ұсындым. Байқап көрейін деп ойладым. Алайда банкке жұмысқа тұру – арманымда да жоқ дүние еді, ол үшін дүниеге келе сала бағдарламалауды игере бастау, ғаламат жобаларды атқару тәжірибесі талап етілетіндей көрінетін. Сөйтсем, олай емес екен. Алынбайтын қамал жоқ. Әрине, күш жұмсауың керек, жұмысты жақсы көріп, берілген тапсырмамен шектеліп қалмаған дұрыс, ұсынылған жобалардан бас тартпаған жөн», — дейді ол.

Қазір Наиль клиент пен банк қызметкері байланысын жеңілдететін Baspana Market маркетплейсін және мобильді қолданбаны жетілдірумен айналысып жатыр.

IT-маманның қанша алатыны – коммерциялық құпия, алайда Наильдің айтуынша, ағылшын тілі мұғалімінің жалақысынан әлдеқайда артық. Ол бағдарламалаушы мамандығын таңдаған кезде мұндай ақы аламын деп ойламаған айтады.

Ал Евгений Герценнің сөзінше, цифрлы трансформация департаментінде істейтін жас қызметкерлер қазірдің өзінде қазақстандық һәм шетелдік мамандармен бәсекеге түсе алатын дәрежеде. Яғни бағдарламалау тілдерін жетік меңгерген, әрі жаңа дүние игеріп, білімін арттырып отыруға құштар.