Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов ұсталды

2022 жылғы 19 ақпанда бас прокуратура бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Кеше, 20 ақпанда Мұрат Бектанов осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал өзге ақпарат тергеуге байланысты жария етілмейді.

Еске салайық, 2022 жылы 19 қаңтарда бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов қызметінен босатылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экс-министр қаңтар оқиғасы кезінде командирлік қабілетін көрсете алмағанын айтты.

Армия тәуелсіздігіміздің тірегі болып, мемлекет мүдделерін қорғауға тиіс. Қаңтар оқиғасы кезінде қарулы күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Мұрат Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық, – деді президент.

Оның орнына Руслан Жақсылықов ведомство басшысы болып тағайындалды.