Нұр-Сұлтан әкімдігі Sine Tempore сауда орталығын неге сатып алды?

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан әкімдігінің ведомстволық бағынысты 30-дан астам ұйымы мен басқармалары жеке тұлғалардан үй-жайларды жалға алады. Әкімдік жалға алынған орындарға жыл сайын 1 миллиард теңгеге жуық ақы төлейтін көрінеді.

Жалдау құны жыл сайын өсетініне назар аударсақ, бұл сома көбейе береді. Жоғарыда айтылғандарды және осы ұйымдардың түрлі аудандарда орналасқанын ескерсек, басқармалар мен әкімдікке ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін жеке бір ғимарат қажет, — делінген әкімдіктің ресми сайты таратқан хабарламада.

Әкімдік Sine Tempore ғимаратын сатып алу арқылы қаражатты үнемдеп қана қоймайды екен, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Ғимарат қала әкімдігінің жанында орналасқан.

2020 жылы екі компания аталмыш нысанға бағалау жүргізді. Оның негізінде бір компания 12,6 миллиард теңгеге бағаласа, екіншісі 11,7 миллиард теңгені көрсетті. Ал 2021 жылы тағы бір тәуелсіз бағалау жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 9,5 миллиард теңге көрсетілген еді. Ұсынылған ең төменгі сомаға ғимаратты сатып алу қалалық мәслихаттың келісімімен жүзеге асырылды, — делінген хабарламада.