Алғаш танысқан кезі

Жасым 30-да, Атырауданмын. Жолдасымның есімі — Джесси, Нигерия азаматы, жасы 33-те. Джесси 2019 жылы Қазақстанға келіп, Атыраудағы білім орталығында ағылшын тілінен сабақ береді. 2020 жылы мен де қосымша табыс табу мақсатымен сол орталыққа кешкі ауысымға жұмысқа орналастым. Алғаш сол жерде таныстық.

Әуеліде Джессимен дос ретінде араластық. Онымен жұп болуды ойлап та көрмеппін. Таныстығымыз пандемиямен тұспа-тұс келді. Карантинде барлығымыз үйден шықпай, оқшауландық. Біз тұрған аумақта эпидемиология ахуалы ушыға бастады. Сол кезде Джесси WhatsApp арқылы жағдайымды сұрап, жазып тұратын. Осылай онлайн сөйлесіп, бір-бірімізді жақын тани бастадық. Кейін біраз уақыт өткен соң кездесіп, қарым-қатынасымызды жұп ретінде жалғастырдық. 7 ай өткен соң Джесси маған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Ал мен «иә» дедім.

Жоғары оқу орнында шет тілі мамандығын меңгердім. Университетте оқып жүрген кезден өзге ел азаматтарымен тығыз жұмыс істедім. 2012 жылдан бастап шетел компаниясында қызметте болдым. Сол себепті адамдардың ұлты, тілі, нәсілінің басқа болуы мен үшін таңсық емес еді. Джессимен сөйлескенде де басқалардан айырмашылығын байқамадым. Оның африкалық екені маған ешқандай проблема тудырмады.

Зайда мен Джесси
Фото жеке архивінен

Ата-ана реакциясы

Кішкентай жиенім Джессимен видеобайланыс арқылы сөйлескенімді көріп, анама айтып барған екен. Кейін анам менен келіп мән-жайды сұрады. Әрине, бастапқыда анам «ойланып көр», «қазақ жігітіне тұрмысқа шықсаң жақсы болар еді» деп ойын айтты. Кейін бұл хабарды әкеме  анам жеткізді.

Ата-анам «қызымыз басқа елге кететін болды» деп уайымдап, мені алысқа жіберуге қимайды. Дегенмен күйеу баласының қара нәсілді болатыны үшін айқай-шу шығарған емес. Ата-анамның ең бір жақсы қасиетінің бірі — балаларының жеке өміріне араласпауы. Үйде бес ағайындымыз: төрт қыз, бір ұл. Әрқайсымыздың таңдауымызға құрметпей қарайды.

Тойға дейін Джесси ата-анаммен танысуға келді. Ата-анам ағылшынша, Джесси қазақша білмеген соң сөйлесе алмады, бірақ ол өзінің ашық-жарқын мінезімен ата-анамның көңілін баурап алды. Оны көрген соң үлкендердің уайымы да сейілді.

Ал Джессидің отбасы өте көңілді. Отбасы құрғымыз келетінін естігенде қатты қуанды. Оларға келіннің ұлты мен нәсілінің еш маңызы болмады. Джесси үйдің үлкені, артынан ерген екі інісі бар. Бір қызығы, жолдасым әулетінде отбасы құрған және шетел азаматына үйленген ең алғашқы немере екен.

Өкінішке қарай, пандемияға байланысты Нигериядағы туыстар бізге, біз оларға бара алмай жатырмыз. Дегенмен күнде ұялы телефон арқылы байланыстамыз.

Зайда мен Джесси
Фото жеке архивінен

Қоғам реакциясы

Ұзату тойымның фотолары мен видеолары әлеуметтік желіде тарап кетті. Шыны керек, мұндай көп талқыға түседі деп ойламаппын. Некеміз халықты неге сонша қызықтырғанын әлі күнге дейін түсінбеймін. Себебі мен де, жолдасым да адам баласымыз ғой.

Түрлі ой, пікір, сын естідік. Бұл сөздер ата-анама ауыр тиді. Әкем — Құлсарыда сыйлы кісі. Бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Той туралы естіген кейбір адам әкеме хабарласып, «қызыңды шетелдікке беріп жатсың» деп айтып жатты. Әкем осыдан кейін ауырып қалды. 1-2 күннен соң аяғына тұрғаннан кейін әкесі мен қызы болып сөйлестік. Әкем мені және таңдауымды қабылдады.

Өзім қанша адам болса, сонша пікір болатынын түсінемін. Сол себепті айтылған сөздерді көңіліме алмаймын. Жалпы өзім де тез ренжитін адам емеспін. Жолдасым да мен сияқты. Керісінше, менің көңіліме қарап, уайымдайды.

Зайда мен Джесси
Зайданың ұзату тойынан естелік. Фото жеке архивінен

Джесси жайлы

Жолдасым — романтик, әзілге жақын. Онымен бірге кез келген жерде, кез келген уақытта көңілді. Сонымен бірге ол өте мейірімді. Кейде мейірімділігімен тым асыра сілтеп жібере ме деп те қаламын. Өте қамқор адам. Көліктің есігін өзі ашып береді. Әрине, ұсақ-түйек нәрсе, бірақ осындай қамқорлығымен сүйкімді. Ауырып қалсам, асты-үстіме түседі. Кез келген жағдайда мұқият. Ер адамдардың көбі байқай бермейтін дүниелерге мән береді, көңілімді аулауға тырысады.

Екеуіміз де әлі жаспыз, болашаққа жоспарымыз көп. Екі елдің азаматымыз, басқа мемлекеттерде де өмір сүріп, жұмыс істеп көргіміз келеді, бірақ әзірше нақты ештеңе айта алмаймыз.

Үгіт-насихат туралы

Өзгеге ақыл айтудан, кеңес беруден аулақпын. Әркімнің өз тағдыры, таңдауы бар. Мысалы, мен тұрмыс құрғаннан кейін де қазақ қызының көбі шетел азаматымен отбасы құрыпты. Адамдар маған «сен үгіттедің» деп жазып жатады. Айтарым — мен басқаларына жауап бермеймін. Әркім өз тағдырын кешеді, өз өмірін сүреді.

«Шетел азаматына тұрмысқа шығыңыз немесе шықпаңыз» деп ешкімге айта алмаймын. Себебі мәселе ұлтта, елде емес, адамның өзінде.  Жаман адам Қазақстанда да, Африкада да, басқа елдерде де бар. Дәл сол сияқты жақсы адам да көп. Болашақ жарыңыздың жүрегіне, адамгершілігіне қарап, әркім өз таңдауын жасауы керек.

Зайда мен Джесси
Фото жеке архивінен