Жүлдеден бір қадам. Абзал Әжіғалиев олимпиадада 4-орын алды

Бейжің олимпиадасында шорт-тректен 500 метрге жүгіруден ерлер арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Финалда қазақстандық Абзал Әжіғалиев та өнер көрсетті. Ақтық бәсекеде Абзал мәре сызығын төртінші болып кесіп, жүлдеге сынық сүйем жерден тоқтады.

Алтын жүлдені Венгрия, күмісті Ресей, қоланы Канада спортшылары иеленген.

Абзал Әжіғалиев әзірше қазақстандық шорт-трекшілердің олимпиададағы ең ірі жетістігін тіркеп отыр. Бұған дейін отандық шорт-трек шеберлері олимпиадада төрттікке енген емес.

Абзал Әжіғалиев — қысқа қашықтықтарға жүгіруден әлем кубогінің жеңімпазы әрі бірнеше дүркін жүлдегері. Ол Сочи және Пхченчхан олимпиадаларына қатысқан, Бейжің ойындарында А финалына алғаш рет шығып отыр.