Қазақстанда білім беру мекемелерін 7 жыл басқарғандар ауысады

Атап айтқанда, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі, Ақтөбе гуманитарлық колледжі, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі, Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің директоры ауысты.

Шешімді мемлекеттік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау жөніндегі комиссия қабылдады.

Колледждердің жаңа директорларының алдына білім беру сапасын арттыру және кадрларды даярлауды күшейту міндеттері қойылды.

Былтыр министрлік мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау ережелерін бекітті. Бұған дейін үлкен жұмыс атқарылды, норматив құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. Биыл біз мектептер мен колледждердің директорларын ротациялауды бастадық. Бір ұйымда 15-20 және одан да көп жыл жұмыс істейтін менеджерлер бар. Бұл уақыт ішінде олардың тиімділігі төмендейді. Ротацияның жақсы әсері туралы осыған дейін де айтылды. Мысалы, бұл бірден бірнеше білім беру ұйымында тиімді басқарушылардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, адам көп жыл бойы бір ұйымды басқарса, мұндай мәселе болуы мүмкін, – деді білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қарынова.

Ереже бойынша ротация бір білім беру ұйымында 4-7 жыл жұмыс істейтін балабақшалардың, мектептердің, колледждердің директорларына қолданылады. Бұл ретте бір білім беру ұйымында 4 жыл қызмет атқаратын бірінші басшы ротациядан бас тарта алады, бірақ егер директор 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады.

Айта кетейік, өңірлердің білім басқармалары білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды бір елдімекен ішінде жүргізеді. Сонымен қатар қайта тағайындау бір типтегі ұйымдардың басшылары арасында жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, ротация кезінде бірінші басшылардың білік бойынша санаты сақталады.