Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Нурдинжон Исмоиловқа ілтипат білдіре отырып, елдеріміз достық пен тату көршілікке, ортақ мәдени құндылықтарға негізделген, мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісі болатын берік әрі үйлесімді қатынастарды орнатқанын айтты.
Қазақстан президенті былтыр желтоқсан айында Шавкат Мирзиеевтің елімізге жасаған мемлекеттік сапарын жоғары бағалады. Сол сапар қазақ-өзбек ынтымақтастығын одақтастық деңгейіне көтеруге негіз болған.
Өзбекстан – Қазақстан үшін бауырлас, серіктес ел. Сондықтан екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастарды дамытуға баса мән береміз. Біздің одақтас қатынастарымыз кең ауқымды және саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды қамтиды. Осы ретте парламент дипломатиясы ерекше роль атқарады, – деді мемлекет басшысы.
Нурдинжон Исмоилов Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге уақыт бөлгені үшін алғыс білдіріп, Өзбекстан президентінің ізгі тілегі мен сәлемін жеткізді.