Анараның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда мұндай экокәмпиттің баламасы жоқ екен. Алайда Еуропада бұл кәсіп 1897 жылдан бері бар көрінеді. Әсіресе Германияда органикалық егіншілік және экологиялық таза өнімдер дайындау процесі бір жолға қойылған.

Кәсіпкер еco sweets, яғни экологиялық таза, табиғи өнімдерді жасап үйрену үшін Германиядан органикалық егіншілік мамандығы бойынша білім алып, тәжірибе жинапты.

2015 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінде оқитын сегіз студент Еуропаға тәжірибе жинауға және білім жетілдіруге бардық. Германияның Штутгарт қаласындағы Рольф Майер мен Моника деген неміс отбасында тұрдым. Бұл отбасы ұзақ жылдар бойы экологиялық таза өнімдер шығарумен айналысып, оны кәсіпке айналдырған. Мәселен, Моника таза сұрыпталған ұннан тоқаш және неше түрлі бәліш пісіретін. Пісіру әдісі де ерекше еді: ұнды диірменнен өткізіп, органикалық таза бидай, асқабақ тұқымын және сәбіз қосатын. Жергілікті тауар жеткізушілер бұл өнімді күнделікті Altersheim – қарттар үйіне және Kindergarten – балабақшаларға алып кететін. Күніне 30-40 тапсырыс түсетін, деді Анара Ибраева.

Кәсіпкер неміс отбасынан үйренгенін Қазақстанға әкеліп, жетілдіре түскен. Осылайша ол органикалық таза өнімнен диеталық кәмпиттерді әзірлеуді бастаған.

Экологиялық өнім көбінесе «органикалық өнім», «табиғи өнім» немесе «экологиялық таза өнім» деп анықталады. Жалпы, бұл − өндірістің барлық кезеңінде, яғни егін салудан бастап жинауға дейінгі аралықта қоршаған ортаға, экожүйеге және адам денсаулығына зиян химиялық заттарды, қоспалар мен әдістерді пайдаланбау принципіне негізделген өндіріс жүйесі. 2005 жылы жарияланған «Органикалық ауыл шаруашылығы өндірісінің қағидалары мен қолданылуы туралы» ережеде және оның қосымшаларында заңды түрде реттелген.

Анара Ибраева. Фото жеке архивінен

Анараның кәсіп бастауына университеттегі оқытушысы себепкер болыпты. Ұстаздың тәтті тағамдарға аллергиясы бар екен. Анара оған көмектесуге бел буады. Ақыры экокәмпиттерді әзірлеудің жаңа технологиясын үйреніп, қолжетімді бағада сатуға кірісіпті.

Экокәсіпкер бұл өнім аллергиямен және диабетпен ауыратындарға өте пайдалы кәмпиттер екенін айтады.

Оқытушым экокәмпиттерімді жегеннен кейін аллергияның дененің қызарып, ісініп кету секілді белгілері байқалмады, – деді кәсіпкер.

Анара Ибраева кәсіпті алғаш бастаған кезде қиындықтар болғанын жасырмайды.

Бастапқы уақытта тапсырыс көп болды. Елде аллергиямен және диабетпен ауыратындардың бірталай екенін осыдан түсіндім. Үлгермей кеткен соң достарым, таныстарым қолұшын созды. Алайда тапсырыс саны күннен-күнге өсе берді. Тек астанадан емес, басқа қалалардан да түсіп жатты. Мысалы, Ақтөбеге жеткізу қиын болды, себебі алыс қалаға қалай жіберімді білмедім. Арқалық, Қостанай, Көкшетау секілді қалалаларға inDriver арқылы тасымалдадым. Тағы бір қызығы, Оңтүстік Кореядан тапсырып бергендер болды. Осыған басым әдбен қатты. Себебі өнім алыс жолға шыдамайды. «Экокәмпиттер тапсырыс берушіге жеткенге дейін бұзылып кете ме?» деген қорқыныш басым еді. Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға пошта арқылы жіберу өте қымбатқа шықты. Мәселен, поштамен жіберсең, әр кәмпиттің салмағы өлшенеді. Тапсырыс көлемі өте үлкен еді: 3 қорапта 16 данадан және 9 қорапта 9 данадан, – дейді Анара.

Ол Нұр-Сұлтаннан Оңтүстік Кореяға тікелей рейстер жоқ екенін, яғни тек Алматы арқылы ұшатынын айтады. Қуанышқа қарай, тапсырыс берушінің сіңлісі астанадан Алматыға, Алматыдан Оңтүстік Кореяға ұшып, тапсырысты дер кезінде жеткізіпті.

Жұмысты менен артық ешкім орындамайды деп ойлайтынмын. Бірақ бір кезде шаршап, ешнәрсе үлгермейтінімді түсіндім. Сондықтан қызметкерлер алдым. Өз ісінің маманы болған адамдар бар. Олар сырт көзге бірден көрініп тұрады. Кейбірі бастапқы жылы өз жұмысын жақсы істей алғанымен, өнімді сата алмады. Содан кейін экокәмпитерді сату бойынша арнайы сайт және қолданба іске қосылды, – деді ол.

Анара Ибраева қосымша Instagram, Telegram, Facebook-ты жүргізетін таргетологқа ақша төленгенін және алғашқыда достарының таргет, жарнама бойынша қолдау көрсеткенін еске алды.

Тағы бір құрбым экокәмпитттерді сайтқа шығарған кезде доллармен емес, рубльмен шығару тиімді екенін айтты. Оның кеңесіне құлақ асып, қазір біраз табысқа кенеліп отырмын. Содан кейін бір жылдай қашықтан Ресейдегі таргетолог маманмен жұмыс істедік. Кейін еліміздегі жағдай бірқалыпқа келгеннен кейін астанадан қарастырып көруді ойладым. Өзім сол уақытта қосымша курстарға қатысып жүрдім. Осы арада бұл саланы жетік білетін таргетологпен таныстым. Ол маған креатив идеяларды, түрлі шеберлік класын өткізуді үйретті. Түрлі нұсқаларды іздестіріп, барынша өнімді сапалы әрі дәмді етуге тырысып жүрміз, – деді Анара Ибраева.

Анара Ибраева экокәмпиттер халыққа ұсынған кезде жарнама керектігін жеткізді. Кәсіптің алғашқы бір жылы жарнамаға кеткенін атап өтті. Ол 2020 жылы экоөнімді жарнамалау үшін елімізге танымал тележүргізушілерге, әншілерге және фитнес жаттықтырушыларға ұсынған. Оның айтуынша, көбі бартерге келіскен. Танымал адамдардың жарнамасынан кейін өнімге деген тапсырыс айтарлықтай көбейе түскенін жеткізді. Қазіргі таңда экокәсіпкер 7 компаниямен серіктестік келісімшартта отырған.

3 жылдан бері 7 компаниямен келісімшартқа отырыппын. Соның ішінде 3-еуі ірі мейрамхана болса, тағы бір үлкен мейрамхананың қаладағы желілері бойынша жиі тапсырыстар келіп тұрады. Жақында серікстестердің бірімен екі өнім түрін жаңа форматта ұсынғымыз келіп отыр, – деді Анара.

Экокәсіпкер табысты екі есеге қалай арттыруға болатынын іздене бастайды. Осылайша, ол өндіріске жаңа экоторттарды, құймақтарды қосу керек екенін және өнімдердің әлеуметтік желідегі фотоларының сапасына аса мән беру қажет екенін түсінеді.

@ANARA_ECOSWEETS тәттісінің кәдімгі кондитерлік өнімдерден айырмашылығы − табиғи қоспалардан жасалған диеталық кәмпиттер. Құрамында ешқандай ГМО, қант және консерванттар, бояғыштар, хош иістер сияқты түрлі жасанды қоспалар жоқ. Яғни гендік модификацияланған организмдер – бір ағзаның геніне бөтен ағзаның генін енгізу арқылы пайда болатындықтан, біздің экоөнімде бұлардың ешқайсысы қосылмайды. Пайдалы кәмпиттердің құрамына кептірілген жидектер мен жемістер, жаңғақтар мен тұқымдар кіреді.⠀Экокәмпиттердің тәттілігіне табиғи түрде кептірілген жемістер арқылы қол жеткізіледі. Мұның бәрі бұл өнімді өмірлік маңызды дәрумендер мен минералдарға, өсімдік талшықтарына және күрделі көмірсулармен байытып, ағзада ұзақ уақыт бойына сақталуына септігін тигізеді, – деді ол.

Анара Ибраеваның былтыр тапқан табысы – 700 мың теңге болды. Биыл орта есеппен айына өзіне 1 миллион теңге көлемінде ақша тауып отыр. Ол кәсіптің бастапқы кезеңінде өнімнің сапасын арттыру үшін көп қаражат жұмсағанын еске алды. Сонымен бірге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер орталығындағы курсқа қатысып, есеп жүргізуді, салық төлеуді және кіріс мөлшерін көбейтуді үйренген. Қазір кәсіпкер әрбір тиынның құнды екенін қатарластарына жиі айтып жүреді екен.