Әлемде органикалық өнімге сұраныс көп

Алматыда өткен органикалық азық-түліктер өндірісін дамытуға арналған форумда шетелдік және отандық ғалымдар мен шаруа қожалықтарының өкілдері агросектордың ауқымды мәселесін бірігіп талқылады. Жыл өткен сайын экологиялық таза өнімдерге сұраныс артып келеді. Бұған қарамастан, әлемде органикалық өндіріс көлемі тек 1 пайызды ғана құрайды.

«Тұтынушыны қоспасыз, сапалы өніммен қамтамасыз ету үшін, жер мен өнімді баптағаннан бөлек, әлемдік стандарттарға  сай сараптамадан өту қажет», – дейді мамандар.

Нағима Таванова,  шаруашылық жетекшісі: Химиялық тыңайтқыштарды қолданғанда өнім тез өседі. Сәйкесінше, табысқа да тез қол жеткізуге болады. Ал органикалық өнім өндірудің талабы жоғары. Дегенмен нарыққа кірген соң, таза өнім өндірушінің пайдасы шаш етектен болатыны жасырын емес.

Қазақстанда 350 мың гектар жерде органикалық өнім өндіріледі. Бұл еліміздің жалпы егіс алқаптарының 1,5 пайызы ғана. Ғалымдар өнім көлемін арттыру үшін  жаңа технологияларды меңгеру қажеттігін айтады.

Тілектес Есполов, ҚазҰАУ ректоры: Әлемдегі жаңа технологияларды, жаңа инновацияларды, жаңа идеяларды тартуымыз керек. Ауылшаруашылық өнімдерді жаңа технологиялар арқылы, жаңа органикалық өнім өндіріп, оны сертификация жүргізу керек. Біз сол өнімді әлем стандартының талаптарына  сай келтіруіміз керек.

Қазақстанда «Органикалық өнім өндіру туралы» Заң 2015 жылы қабылданған. Мемлекет экоөнім шығарушыларға қолдау көрсетеді. Ал  қазақстандық  таза өнімдерге Қытай мен Ресей елдері қызығушылық танытып отыр.

Дереккөз24.kz