2021 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі үздік университеттер

Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары үш блокқа біріктірілген 19 критерий бойынша: түлектердің жұмысқа орналасуы, білім беру бағдарламаларының сапасы және білім алушылардың жетістіктері бойынша бағаланған.

Рейтинг-2021 қорытындысы бойынша: «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету» бағыты бойынша алғашқы орынды Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті иеленді, ал Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы аутсайдерлер қатарында.

Заң саласы бойынша Мақсұт Нәрікбаев атындағы қазақ гуманитарлық заң университеті тағы да көш бастады.

«Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алдыңғы орында тұр. Ал Шымкенттегі Әбдімұса Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті, «Сырдария» университеті төменгі орында тұр.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағыты бойынша Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, ал ауыл шаруашылығы және биоресурстар бойынша  Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті алдыңғы орында тұр.

Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, Өнер және гуманитарлық ғылымдар және Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат сияқты үш бағыт бойынша Сұлтанмахмұт Торайғыров университеті көш бастап келеді.

Еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасындағы жалпы рейтингіде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Сұлтанмахмұт Торайғыров университеті, Қазақстан-неміс университеті үздік атанды.

Бейінді ЖОО-лар арасында Мақсұт Нәрікбаев атындағы қазақ гуманитарлық заң университеті университеті үздік болды.

Сонымен бірге Қазақстан-британ университеті, Нархоз университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, КИМЭП университеті сияқты жоғары оқу орындары алдыңғы қатарда тұр.

Келесі жоғары оқу орындары әдеттегідей аутсайдерлер қатарында: академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті, Орталық Азия инновациялық университеті, Сырдария университеті, Шымкент университеті.

Рейтинг қорытындысы білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша жұмыс атқармаған жоғары оқу орындары аутсайдерлер қатарына қосылғанын көрсетіп отыр. Әдетте бұл университеттер білім беру бағдарламаларына инвестиция аз бөледі, практик-оқытушыларды аз жұмылдырады және жыл сайын ҰБТ/КТ-да төмен балл жинаған абитуриенттерді оқуға қабылдайды.