Президент ең әуелі қаңтар оқиғасына қатысты сұраққа жауап берді. Оның сөзінше, Алматыға жасалған шабуыл — жоспарланған акция.
Тәртіпсіздіктің барлық кезеңі, бейбіт наразылықтардан басталып, олар шынымен де болды, кісі өлтіру, тонаумен аяқталды, бұл тұтас операция болды, мұны профессионалдар ойластырған және орындаған. (…) Бейбіт демонстранттардың орнына жастар келді, олар бұзақылық жасады, полиция қызметкерлеріне қарсы шықты. Мұнан соң үшінші толқын — тонаушылар келді, кісі өлтірушілер, жәбірлеушілер келді, олар өте көп болды. Ең бастысы — оларды дайындықтан өткен, жергілікті жерді жақсы меңгерген кәсіби жауынгерлер басқарды. Сөзсіз, бұл адамдарды материалдық құндылықтарға қызықпаған. Олар әкімшілік ғимараттарға шабуылдарды басқарды, оларды қылмыстық істер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің досьесі қызықтырды. Бұл өз мәні бойынша террористік, шетелден содырларды тарта отырып, мұқият жоспарланған акция болды, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев содырлардың әуежайды не себепті басып алғанын түсіндірді.
Қазір тергеу Орталық Азияның бір қаласынан ұшып келген азаматтардың кетуі үшін әуежайдың басып алынғанын көрсетіп отыр. Бұл әуеліде шынымен гастарбайтер болып ұшып келген, кейін дайындалған содырлар болды (…) Соғыс қимылдарына тікелей қатысқан бандиттерде есірткінің әсері болған. Яғни, олар ауырсынуды сезбеген, егер күштік органдар соңғы кезеңде қару қолдана бастаса, аяқтарына оқ атса, олар құлаған, бірақ әдетте жаралы адамдарда болатын ауырсынуды сезбеген, — деді мемлекет басшысы.
Президент бандиттік топтардың Алматыда бес жұлдызды қонақүйде тұрғанын және оның бірінші қабатында өздерінің командалық штабын орналастырғанын айтты.
Қызық дерек. Бандиттік топтың бірі Алматыда бес жұлдызды қонақүйде тұрған, оларға мұны кім төледі? Бұл топ «Қазақстан» қонақүйінің бірінші қабатына өздерінің командалық штабын орналастырған. Қазір тергеу жүріп жатыр, бәрі анықталады, — деді ол.
Мемлекет басшысы өзінің ескертусіз оқ атуға қатысты бұйрығына қатысты түсінік берді.
Құқық қорғау органдарының әрекетінің бірыңғай алгоритмі болмады. Басшылар жауапкершілікті алуға қорықты. Көпшілікке мәлімдеме жасамас бұрын да мен қарулы қарақшыларға ескертусіз оқ ату керегін айттым. Жауапкершілікті өз мойныма алдым, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ бітімгершілік контингентінің қаңтардағы тәртіпсіздіктерді басуға араласуына және осы үшін Владимир Путинге «қарыз болып қалдық» деген қауесетке де жауап берді.
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына, яғни одақтастарыма жүгіндім. Бұл бір. Екіншіден, бітімгерлік күшті тарту процесі ұйымның келісім құжаттарына сәйкес жүргізілді. Үшіншіден, елімізге келген ҰҚШҰ күші бірде-бір оқ атпады. Әуеліде одаққа мүше елдердің стратегиялық нысандарды күзетеді деген келісімі болған. Төртіншіден, бітімгерлік күштің келуі бандиттердің бетін қайтарды. Бүлікшілер аяқ тартты. Ал біз ешкімге қарыз емеспіз, Владимир Путинмен арада мұндай сөз мүлдем болған жоқ. Кремль бізге ешқандай да талап қоймайды, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкасын талап ететін петицияқа қатысты сұраққа да жауап берді.
Өзіңіз әкімнің қалғанын қалар ма едіңіз? Әкімге келсек, ол өмірінде шамасы алғаш рет қиын жағдайға тап болды. Мұндай жағдайда, мұндай ахуалда бәрі бірдей шешім таба бермейді. Мен оны кінәламас едім, ол қызметтік міндеттерін орындау тұрғысынан адал адам, бірақ мен алматылықтардың ойын ескеруге міндеттімін, сондықтан уақыт келгенде білесіздер, — деді президент.
Ол сонымен бірге Алматы атауын өзгертуге қатысты да пікірін айтты.
Біз неге барлық құжатты қайта жасаймыз, шешім қабылдаймыз? Алматы қазақтілді адамдар үшін қолайлы. Алма-Ата орыс тілділерге ыңғайлы. Сондықтан ресми түрде Алматы атауы сақталатынына, қала тұрғындарына ыңғайлы және қаламызға сырттан жылы қарайтындар үшін осылай атала беретініне келісейік. Түптеп келгенде, қытайлар астанасын Байджин деп атайды, ал біз Бейжің деп атаймыз, — деді ол.
Мемлекет басшысы өзіне мақтау айтатындарға қалай қарайтынын да айтты.
Мен үшін жағымсыз. Себебі мен мақтау одалары жоқ жерде тәрбиелендім. Мен былай айтар едім: менде мұндай мәлімдемелерге өмірлік, табиғи иммунитет бар. Бірақ біздің интеллигенцияны өзгерте алмайсың. Олар басқаша тәрбиеленді. Бара-бара жойылады (мақтау айту туралы — авт.). Жалпы интеллигенция мәселесіне келсек, бұл өте күрделі. Жазушы көп. Өздеріңіз білесіз, қазіргі жастар көркем әдебиетке көп қызыға бермейді, әсіресе заманауи көркем әдебиетке. Қазір жұрт TikTok қарап, фейсбук оқиды. Оның үстіне бір беттен арыға бармайды. Оларға әрдайым ақпарат керек. Кейде мәтіндік емес, визуалдық ақпарат керек. Проблема осында. Өкінішке қарай ма, әлде бақытымызға орай ма, біз де сол өмірге бейімделуіміз керек», — деп түсіндірді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге екі мерзімнен артық президент сайлауына түспейтінін айтты.
Қоғамның саяси трансформациясымен де, экономикалық қайта құрулармен де бір мезгілде айналысу керек. Бұл — менің миссиям. Қазақстан президенті қызметінде қанша болатынымды білмеймін, бірақ нақты білетінім — Конституция бойынша екі мерзімнен артық болмайды. Заңды, оның үстіне Конституцияны өзгерту болмайды, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен арада ешқандай келісім болмағанын айтты.
Жоқ, әрине, саудаласпадық. Айырықша құқық туралы да әңгіме болған жоқ. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының мәртебесі туралы мәселені шұғыл шешу қажет екені туралы айтылды және жағдай шиеленіскен кезде, жасырмаймын, мен қазір халыққа осы сәттен бастап Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы екенімді мәлімдеуім керек деген мәселені қойдым. Бұл мәселе тез шешілді. 28 қаңтарда Nur Otan партиясының съезі өтті, мен онда сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи роліне баға бердім. Менің ойымша, бұл — объектив баға және дәл осы сипаттама болашақта адамдар үшін бағдар болады деп үміттенемін, — деді ол.