Алматыда лаңкестік қауіптің «қызыл» деңгейі алынады

Қала аумағында қабылданған қаулы бойынша 2022 жылғы 26 қаңтарда сағат 00.00-ден бастап лаңкестікке қарсы антитеррорлық іс-шара режимі тоқтатылып, лаңкестік қауіптің «қызыл» деңгейі жойылады, — делінген хабарламада.

Сол уақыттан бастап лаңкестік қауіптіліктің жоғары «қызғылт сары» деңгейі белгіленеді.

Арнайы және құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар мен ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жалғастырып жатыр. Террорлық қауіптің қазіргі деңгейінде құқық қорғау органдарына қару-жарақ пен жарылғыш заттарды анықтау мақсатында көлік құралдарын тінтуге рұқсат етілген, — делінген хабарламада.

Терроризмге қарсы күрес жөніндегі қалалық жедел штаб құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытуды, олардың заңды талаптарын бұлжытпай орындауды өтінді.