Айнаш Әлпейісова «Самұрық-Қазына» АҚ құқықтық қамтамасыз ету департаментінің аға заңгері. Бұрын жеке инвестициялық компанияларда, Қазақстан мен АҚШ-тағы «Үлкен төрттік» компанияларында жұмыс істеп, ірі трансұлттық және жергілікті компанияларға заң және салық тұрғысынан кеңес берді. 

Айнаш Гарвард құқық мектебінің магистрі (LL.M). Онда адвокаттық тәжірибесі жөнінде Нью-Йорк штатының лицензиясы, кәсіби бухгалтерлік жөнінде Массачусетс штатының сертификаты (CPA) бар. Сонымен бірге бизнес құқығы мен салық жөнінде спикер. 

Айнаш Әлпейісова
Айнаш Әлпейісова, «Самұрық-Қазына» АҚ құқықтық қамтамасыз ету департаментінің аға заңгері ©hipo.kz

20 жыл бойы оқып келемін

Өмірде, мамандықта, кәсіби жетілу кезінде таңдау жасау туралы айтқым келеді.

Менде CPA мен BAR сертификаттары бар. Қазір Ұлыбританиядағы директорларға арналған IOD сертификатынан өтіп жатырмын.

Бұрын университетті бітірген соң жұмыс істеймін, сонымен бәрі жақсы болады деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес екен: бірінші жұмыста бір сертификат сұратты, кейін басқа салаға ауысқаным үшін тағы бір сертификат керек болды. Осылайша 20 жыл бойы оқып келемін. Қазір менімен бірге IOD сертификаттауынан директорлар кеңесінің 50 жастан асқан мүшелері өтіп жүр. Солардың IOD-қа дайындалуға деген ынталарын, көздеріндегі жалынын көргенде осындай адамдары бар компанияларға сенуге болатынын түсіндім. Осындай компанияларда жұмыс істегім келеді.

Көп балалы отбасы — жақсы мектеп

Үлкен отбасында тудым. Жеті ағайындымыз. Мен №6 баламын. Топпен жұмыс істеу, келіспеушіліктерді шешу, татуласу дегеннің бәрі бойымда бала кезімнен қалыптасқан. Себебі көп балалы отбасы — жақсы мектеп 🙂 .

Ата-анамның басқа қазақ отбасылары сынды көргені көп: репрессия, аштық, кеңес одағындағы жұмыс… Оларды тыңдаған қызықты — өмірлік тәжірибелері бай. Ата-анам бала кезімізден өмірдегі ең маңыздысы оқу мен білім екенін құлағымызға сіңіріп өсірді. Көп білуге құлшындырып, соған барлық жағдайды жасауға тырысып-бақты. «Сендерден оларды ешкім тартып ала алмайды. Бұлар сендермен мәңгі бірге болады. Егер өзіңмен жұмыс істесең, дами бересің» деп жігерлендірді.

Әпкелерім сияқты емес, музыка мектебіне барғым келмейтін. Тіпті, осы жөнінде қиғылық салғаным да бар. Анамның «тағы бір байқап көрші» деген сөздерінің арқасында, әйтеуір, тәмамдадым.

Бұл тәжірибе маған не берді?

Елдер арасындағы мәдени тәжірибе алмасу шараларын кеңейтуге байланысты шәкіртақы ұтып алғанда екінші рет өмірлік сабақ алдым. Қазақстанның саяси, экономикалық жағдайын басқа студенттерге түсіндіруім керек болды. Сол кезде маған музыкалық білімім көмектесті. Екінші сабақ деп отырғаным: қосымша қабілеттерің болғаны дұрыс. Сол себепті жаңа бір нәрселерді оқуға мүмкіндік болған кезде пайдаланып қалу керек. Оның қашан пайдаға асатынын білмейсің, бірақ көмектеседі.

Бала кезімде кітап оқығанды қатты жақсы көрдім. Бір күні қолыма Карнегидің кітабы түсті. Аты есімде жоқ. Онда Американың бірнеше президенті білім алған Гарвард университеті туралы жазылған еді. «Гарвард деген не өзі?», «Қандай оқу орны?» деген қызығушылығым оянды. Менің де сол жерде оқығым келді. Ол кезде 12 жаста едім. Арада біраз уақыт өткен соң ҚазҰУ-дың заң факультетіне оқуға түстім, себебі әкем — заңгер. Ол құқық қорғау органдарында жұмыс істеді, формасын мақтанышпен киіп жүретін. Әкемнің адамдармен қарым-қатынасы, адалдығы, әдептілігі ұнайтын. Адамдар анама: «Қаладағы ең парасатты адам — сіздің жарыңыз» деп айтатын. Кері байланыс деген осы. Ата-анама қарап дәл солар сияқты заң саласының кәсіби маманы болғым келді.

Айнаш Әлпейісова
Айнаш Әлпейісова, «Самұрық-Қазына» АҚ құқықтық қамтамасыз ету департаментінің аға заңгері ©hipo.kz

Жаңа нәрселерге ескі шаблондармен қарауға болмайды

Университетті аяқтаған соң, Гарвардқа түскім келді. Компьютер тауып алып (ол кезде компьютер деген сирек кездесетін), интернеттен Гарвардқа оқуға тапсыру жолдарын оқыдым да, өтінішін толтырып жібердім. Келесі жылдың наурыз айыда маған қабылданғаным туралы хат келді. Сол күні өзімді әлемдегі ең бақытты адам сезіндім. Жердің бір түкпіріндегі мені әлемдік университетке қабылдағанына сенер-сенбесімді білмедім.

Оқуға түскен соң қаржы мәселесі туындады да, оқуды бір жылға шегердім. Штаттағы оқуымды төлеу үшін қайда бармадым: Бүкіләлемдік банкке, мұнай компанияларына… Соңында Rotary Foundation деген америкалық қорға өтініш беріп, грант ұтып алдым.

Менің Гарвардқа оқуға түскенімді естігенде әкемнің реакциясы қызық болды. «МГУ, МГИМО сынды жоғары оқу орындары тұрғанда Гарвардты қайтесің?»-деді. Ата-анам үшін Гарвардтың ерекше ештеңесі жоқ еді. Одан түйгенім: бір ұрпаққа әсер еткен нәрсе келесі ұрпаққа әсерсіз болуы мүмкін. Көп нәрсені уақыт талабына сай бағалау керек екен. Жаңа нәрселерге ескі шаблондармен қарауға болмайды.

Гарвардқа түсу бір нәрсе, онда оқу — басқа. Онда сабақты Сократтың әдісімен өтеді. Аудиторияның ортасында трибуна, амфитеатр бар. Онда әр студенттің аты-жөні жазылған өз орны, микрофоны болатынын көргенде қатты таң қалдым. Сабақты өте танымал профессорлар өтеді. Дәріс кезінде  кез келген студентті тұрғызып, сұрақ қоятын. Оған лайықты жауап беру үшін сабақ сайын 300 бет оқу кезек. Бұл үлкен жауапкершілік еді.

Тағы бір ерекшелігі: Қазақстанда заң факультетіне мектепті жаңа бітіргендер түсе береді. Ал Америкада оған тек бакалавр бітіргендер ғана бара алады. Сол себепті де студенттерінің білім көкжиегі кең. Солармен тең болу үшін қаржы, инвестиция, бухгалтериядан қосымша сабақтар алдым.

Университетте оқып жүріп те қосымша мамандық алуға болады. Бұл, әсіресе, Қазақстан сияқты еңбек нарығы жас елдер үшін өте үлкен көмек болады. Бізде ккі-үш бағыттағы мамандар сұранысқа ие. Америкада ондай жоқ, ол жақта нақты бір саланың мамандары бағаланады. Себебі еңбек нарығы тұрақты және кең.

Еңбек нарығында түрлі саланың мамандары көп болғанда бәсекелестік нақты бір салаға маманданған адамдарға ауады. Ал Қазақстанда жастарға бірнеше мамандықты игергені дұрыс. Бұл бәсекеге қабілетті болуға керек.

Бәрі тамаша болды. Оқуды бітірген соң Америкадағы «Үлкен төрттіктің» бір компаниясына қызметке тұрдым. Себебі олар адам капиталын қатты бағалайтын. Егер компанияда негізгі күш адами капитал болса, басшылық сол күшті дамыту үшін барлық жағдайды жасайды. Ең жақсы оқу және тренинг бағдарламалары соларда болады. Одан бөлек constructive criticism деген болды. Онда әр қызметкерге жыл соңында баға беріледі. Ең алғашқы бағаларымды алғанда қатты толқыған едім.

Мен жұмысты жақсы істедім, онда неге сынайды?

Кейін оның дамуға өте жақсы мүмкіндік екенін түсіндім. Бұл бағалар сені төмендету немесе жасыту үшін емес, керісінше, өсуің үшін беріледі. Себебі сенің өскенің басшылыққа да керек.

Бәрі жақсы болатын, бірақ бір күні ата-анам хабарласты. Жақын адамдарым көлік апатына түскенін естіп, бірінші рейспен Қазақстанға ұшып келдім. Сол кезде елге оралатын, пайдаңды тигізетін уақыт жеткенін ұқтым. Біздің отбасының өзіндік философиясы бар. Ол — қоршаған ортаға әсер ету және өзгерту. Америкаға емес, Қазақстанға зор үлес қоса алатынымды түсіндім.

Қазір компаниядағы жұмысымнан бөлек, Астанадағы ЖОО-ның бірінде сабақ беремін. Студенттердің қалай өзгергеніне таң қаламын. Сабақтарым таңғы 7:45-те басталады. Сыныптың 80%-і толып отырады. Олар сабаққа тек физикалық тұрғыда ғана қатыспайды, сұрақтар қояды, қосымша материалдар сұрайды. Сабақты қызықты етіп өткізу үшін мен де ізденемін, студенттеріммен бірге мен де дами түсемін.

Осындай аудиторияның бар болғанына қуанамын. Өсіп келе жатқан ұрпаққа қарап, күш аламын, қуанамын. Менің осындай адамдармен жұмыс істегім келеді.