— Әлия, Оқушылар сарайындағы вокал үйірмесіне кез келген баланың қатысуына мүмкіндік бар ма? Олар қандай талап бойынша іріктеледі?

— Қазіргі ата-ананың көбі баласының жан-жақты, білімді, өнерлі болып өскенін қалайды. Сол үшін мектептегі сабағынан бос уақытында баланы түрлі үйірмеге, курсқа бергісі келеді. Қазір соның ішінде вокал үйірмесі сұранысқа ие қосымша сабақтың бірі деуге болады. Оқушылар сарайындағы вокал үйірмесіне де келетін бала көп. Баланы ата-анасы үйірмеге жетектеп әкелгеннен бастап баланың тыңдау, есту және есте сақтау қабілетіне мән беремін. Одан кейін дауыс диапазоны және импровизация қасиетіне қарап бағалаймын. Баланы алты жастан бастап қабылдағанды жөн санаймын. Өйткені ол 5-класқа келгенде кәсіби музыкант сияқты ән айта бастайды.

— Үйірмеге қанша бала қатысады? Олар вокалмен тек хобби ретінде айналыса ала ма?

— Оқушылар сарайындағы вокал үйірмесіне 40-қа жуық бала қатысады. Менің сабағыма қатысқан балалардың алдыңғы легі қазір өнер колледждерінде, Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында білім алып жүр.

Балаға білім беруге, оған барынша бірдеңе үйретуге тырысамын. Басында амандасуға ұялып келген бала екі-үш айдан соң ашылып, дами бастайды. Өйткені баланы сахнаға жиі шығарып, ән байқауына көп қатыстырамын. Кей ата-ана баласын үйірмеге тек ашылу үшін әкелсе, ал кейбірі баласының осы салада жетістікке жетіп, болашақта өнер адамы болғанын қалайды.

— Баланың ән айтуға мүлдем қабілеті жоқ делік. Бірақ ол ән айтқысы келеді, сол үшін үйірмеге келді. Ол мұнда әуелі не үйренеді?

— Үйірмеге сұранып келген баланың да, ата-ананың да көңілін қалдырмай, қабылдауға тырысамын. Баланың ән айтуға мүлдем қабілеті жоқ болса, қолданатын арнайы әдістерім бар. Соның нәтижесінде бала бір-екі жылда нәтижеге жетеді. Оның тыңдау қабілетін жақсарту үшін дыбыстың жоғары немесе төмен орындалып тұрғанын жаттығу арқылы әрдайым есіне салып отырамын. Ал есте сақтау және санау қабілетін нығайту үшін ритмика жаттығуларын жиі жасатамын. Осылайша баланың вокал қабілеті біртіндеп жақсаратынын байқаймын.

— Сабақтың қызық, балаға пайдалы өтуі үшін қандай әдісті қолданасыз?

— Бала есіктен кіргеннен бастап күлімдеп қарсы аламын, тұла бойына қарап, киген киіміне мақтау айтамын. Егер көңіл-күйі болмай, ұйқысы қанбай келсе, жағымды әңгіме айтып, көңілін көтеруге тырысамын. Дауысқа арналған жаттығудың түр-түрін орындату арқылы бала дауысын қатты шығарып үйренеді. Ал одан баланың көңіл-күйі көтеріледі. Ән айту балаға тек жақсы жағынан әсер етеді.

— Ұзақ жылдан бері балаларға вокалдан дәріс беріп келесіз. Қазіргі баланы осыдан 10-15 жыл бұрынғы жеткіншекпен салыстырғанда нені байқайсыз?

— Қазіргі баланың ойы жүйрік, адамның көңіл-күйін бірден сезеді. Ұстазын ұнатпаса, сабаққа келмей қояды. Олар қазіргі заманғы техника құралдарының мүмкіндігін жақсы пайдаланады. Қазіргі балалар батыс әншілерінің ән айту техникасын интернеттен көріп, өз бетінше үйреніп алуы да мүмкін.

Әлия Шаймерденова
Әлия Шаймерденова шәкірттерімен. Фото жеке архивінен

— Әншіге ән айтумен бірге қандай қасиет керек? Оны балаға қалай үйретесіз?

— Өнер адамы болу үшін үнемі күліп жүруің керек. Барлық жағынан сауатты болу маңызды. Өзгенің жетістігіне қуана білу қажет. Ешқашан сахна таңдауға болмайды, өйткені сахна үлкен немесе кіші деп бөлінбейді, ол әрдайым киелі. Орындап тұрған шығарманы өзің ғана ұғынбай, оны басқаға жеткізу де көбінің қолынан келе бермейді. Басқа кәсіпке керек жауапкершілік, еңбекқорлық, табандылық сияқты қасиеттер де өнер адамы үшін маңызды.

Кей баладан шыдамсыздықты, өзгенің жетістігіне қуана алмауды көп байқаймын. Олар сахнаға шығатын кезегі жеткенше сабырсыздық танытып жатады. Ата-ана да өз баласынан басқа баланың озып бара жатқанын байқаса, қынжылып қалады. Өнер адамы болған соң қуанышты сәт те, «әттеген-ай» дейтін кез де болады. Сондықтан бәріне дайын болу қажет.

Көптің көңілінен шығу оңай емес. Қазір интернеттің дамыған заманы ғой. Бір сәтте елдің ықыласына бөленіп немесе қарғысына қалу оп-оңай. Қанша жерден талантты болсаң да, адами қасиеттерің болмаса, өнер жолында жүру қиын. Осының бәріне бала кішкентайынан дайын болуы керек. Ұсақ-түйек келеңсіздікке болса, мойымау қажет. Үйірмеге келетін әр балаға осының бәрін түсіндіруге тырысамын.

— Ал вокал педагогы қандай болуы керек?

— Вокал педагогы болу оңай емес. Өзі әнші болса да, балаға ештеңе үйрете алмайтындар бар. Педагогика әдісі мен қабілеті бар адамдар ғана вокал мұғалімі бола алады деп ойлаймын. Егер баланы жақсы көрмесеңіз, балаға сабақ беру де қиын. Жұмысыңызға деген шексіз махаббатыңыз болғанда ғана нәтижеге жетесіз.

Әлия Шаймерденова
Әлия Шаймерденова. Фото жеке архивінен

— Бала сахнада кішкентайынан өнер көрсетсе, глоссофобиядан арыла ала ма? Сахнадағы қорқынышты қалай жеңуге болады?

— Көпшіліктің алдына шығудан бала түгілі, үлкендер де қатты қорқып жатады. Сахнаға шыққанда қатты қобалжығаннан микрофонның қайда қалғанын білмей жатады. Бала сахнаға неғұрлым көбірек шыққан сайын қорқыныш та соғұрлым азаяды. Сол себепті оларды концертке, байқауға жиі қатыстырамын. Өйткені мұндай кезде баланың бойында жауапкершілік пайда болады, өзімен өзі болады. Ол өзіне ескертілген нәрсенің бәрін есіне түсіреді, содан нәтиже шығарады.

— Әңгімеңізге рақмет. Шәкірттеріңіздің жетістігі көп болсын!