Қазақстан СІМ Еуропарламент қарарына жауап берді

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропалық парламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдейді. Елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады, — делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санайтынын мәлімдеді. Тергеу нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылады.

Сонымен қатар министрлік қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропалық парламент депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар Қазақстанның ресми тұлғаларынан нақтылама ақпарат пен түсіндірулер сұрамағанын жеткізді. Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі және мемлекеттік органдармен тікелей диалог жүргізетін азаматтық қоғам институттары да аталған құжат авторларының оларға жүгінбегенін хабарлаған.

Бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының құқық қорғау органдарының террористік, экстремистік және қылмыстық топтарға қарсы заңды әрекеттерін сипаттайтын жарияланымдарында айтарлықтай қайшылықтар мен дәлсіздіктер бар екені туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің бұрын айтылған ұстанымы еленбеді, — делінген ақпаратта.

Ведомство хабарламасында Еуропарламенттің қаңтар оқиғасы бойынша Қазақстанның ресми орындарына немесе Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, «азаматтық қоғам институттарына» сұрау салмағанын да атап өткен.

20 қаңтарда қабылданған Еуропарламенттің қарарында Қазақстандағы қаңтар оқиғасы қалай өрбігені сипатталып, 27 тармақтан тұратын мәлімдеме жасалған. Оның ішінде құқық қорғау ұйымдарды саяси себеппен қудамалау, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеу, жосықсыз ұстау мен азаптауды доғару, адам құқығына қарсы қылмыстарға жауаптыларға жеке санкция салу секілді талаптар бар.

  • Айта кетейік, бұған дейін Еуропарламент депутаттары елдегі наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге байланысты Қазақстандағы адам құқығын қорғау жағдайы жөнінде қарар қабылдаған еді.