Басты бетҚоғамNur Otan-ның...

Nur Otan-ның 1,7 мың қоғамдық кеңесі президент тапсырмаларының орындалуына көмектеседі

Отырыс қасіретті оқиға кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіз еске алумен басталды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық». Еліміз осы күндері ауыр сынақты бастан өткерді. Сын сағатта мемлекет басшысының батыл шешімдер қабылдауының және халқымыздың даналығы мен сабырлығының арқасында қасіретті қаңтар оқиғаларынан өттік. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін сақтап қалдық. Қимас жандарынан айырылған барша отандастың қайғысына тағы да ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған, соққы көрген азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Ең бастысы, елдің тыныштығы, адамдардың амандығы екеніне тағы да көзіміз жетті. Қираған дүние түзелер, өртенген ғимараттар қалпына келер, бірақ жүрегімізге түскен сызат ешқашан өшпейді, – деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, Nur Otan мемлекет басшысы қойған әлеуметтік-экономикалық саладағы нақты міндеттерді орындауға өзінің бүкіл ресурсын іске қосқан.

Фото: Nurotan.kz

Партияның мәжілістегі фракциясы президент атап өткен мәселелерді орындаудың заңнамалық негізін қамтамасыз ету ісіне кірісіп кеткен. Мәслихаттардағы депутаттар жер-жерде халықпен тікелей кездесіп, түсіндіру жұмыстарына белсене атсалысып, сонымен бірге қиратылған инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге үлес қосып жатыр. Бұл ретте партияның қоғамдық қабылдаулары осы күндері тұрақты жұмыс істеді. Партияның бірнеше мың белсендісі «Халық сақшысы» қоғамдық дружиналар сапында Алматыда қоғамдық тәртіп орнатуға атсалысып, әскерилерге, полиция және коммуналдық сала қызметкерлеріне көмектесті. Сонымен қатар партия еріктілері тек Алматының өзінде 155 миллион теңгеден астам сомаға әртүрлі көмек көрсетті.

Қазіргі таңда партияның барлық мүмкіндігі мен күш-жігерін президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алға қойған мақсат-міндеттердің сапалы орындалуына жұмылдыруымыз керек. Партияның қолында қажетті тетіктің бәрі бар. Біз былтыр ел аумағында барлық деңгейде құрылған 1 мың 700-ден аса қоғамдық кеңес жұмысын жолға қойдық. Оның құрамында 12 мыңнан аса адам бар, үштен бірі – қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, кәсіпкерлер, ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер. Былтыр олар нәтижелі қызмет жасап, көптеген келелі ұсыныстар берді, бірқатар көкейкесті проблемалардың шешілуіне мұрындық болды. Қажетті тәжірибе мен мүмкіндіктер бар. Сондықтан Nur Otan-ның қоғамдық кеңестері президент бастамаларын қолдап, берілген тапсырмалардың жергілікті жерлерде толыққанды орындалуына көмектесуі керек, – деді ол.

Партия төрағасының бірінші орынбасары ақпан айында Nur Otan депутаттарының қоғамдық рейтингін қалыптастыруға арналған платформа жария форматта іске қосылатынын айтты.

Қоғамдық рейтинг мәслихат депутаттарын халықпен етене араласып, сайлаушылармен тұрақты түрде байланыс орнатуға ынталандыру үшін жасалған еді. Осы оқиғалар бұл бастаманың қаншалықты өзекті әрі маңызды екенін көрсетті. Халық қалаулылары – ең алдымен халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуге тиіс. Ашық түрде елмен етене жұмыс істейтін, қоғамдық жауапкершілікті мойнымен көтере алатын білікті депутаттарымыз бен резервтегі белсенді партияластарымыз халық талабына сай лайық бағасын алуға тиіс. Былтыр қыркүйек айынан бастап бұл механизм барлық өңірде сынақтан өтті. Ақпан айынан бастап біз қоғамдық рейтинг нәтижесін тұрақты түрде жариялап отырамыз, – деді Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбектің сөзінше, 30 жылға енді толған тәуелсіздігімізді баянды ету үшін қазақстандық қоғамда мемлекеттіліктің дәстүрін, оның ішінде билік сабақтастығының дәстүрін қалыптастыра білуіміз шарт.

Біз үшін қазір елдігімізді сақтау, барды ұқсату аса маңызды. Сондықтан Елбасы құрған Nur Otan партиясы елдің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығына бағытталған жұмысын одан әрі жалғастыруы керек. Қазіргі таңда біз алда болатын кезектен тыс съезд жұмысына дайындықты бастап кеттік. Қаңтардың қасіретті күндерінде Елбасы баршамызды президенттің маңайына топтасып, елдің амандығы мен бірлігін сақтап қалу үшін бірге әрекет етуге үндегенін баршаңыз білесіздер. Кім не десе де, Nur Otan партиясы – президент жариялаған реформаларды толық және сапалы жүзеге асыруға әлеуеті толық жететін бірден-бір қоғамдық-саяси күш. Партиямыз мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін – қоғамдық ұйымдарды, депутаттық фракцияларды, түрлі қызметте жүрген 800 мыңға тарта барлық мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдыруға дайын, – деп түйіндеді ол.

Отырыс барысында Алматы қаласы, Маңғыстау, Жамбыл облыстық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, сонымен қатар Jas Otan жастар қанатының төрағасы қазіргі таңда партия тарапынан жергілікті әкімдіктерге инфрақұрылымдарды қалпына келтіру, қоғамдық тәртіпті нығайту, волонтерлар қызметін үйлестіру және басқа да атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат берді.